Шабытқа арқау болған Астана - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шабытқа арқау болған Астана

05.07.2014
Шабытқа арқау болған Астана

Астана күні кең - байтақ еліміздің әр аймағында тойланады. Әйтсе де, мерекені тікелей бас қалада тамашалау үшін елордаға асығатын халықтың да қарасы көп. Олар шаттыққа толы мейрамды қызықтап, жыл санап қарыштап дамыған Астананың қадамына тәнті болып, таңдай қағысады.

Астанаға арнайы келгендердің бірі – Шөгелбайлар отбасы. Жетісуден жеткен Бибігүл, кешелі бері балаларына елорданың көрікті жерлерін көрсетуде. Сәби жастан ұл-қызын ақындық өнерге баулыған отанасы, осылайша перзенттерінің шығармашылығын шыңдауды көздейді.

Нұршайық Шөгелбай, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Астананың әдемілігі көңілге шабыт береді. Осы Астанаға бір шумақ өлең арнағым келеді.

Уа, Астана, мен баламын, сен дана,  

Болшы мына ел-жұртыма сен пана,

Астанамның асқарына көрінсем,

Болашаққа бастайтын жол сен ғана.

Нұршайықтың қарындасы Сәния да өлең жазады. Көбіне туған жер, ата-ана, табиғат тәрізді тақырыптарды таңдайды. Бұл жолы кішкентай қыз өз туындысын, кереметімен көңілін баураған Астанаға арнапты.

Сәния Шөгелбай, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Астанаға мен қыдырып барғанда,

Қарап тұрдым көзім тоймай, таңдана.

Шаһарына шаттанғандай Астана,

Сәлем берді ол биіктен паңдана.

Көрдім биік өрнектелген сарайды,

Бәйтерек тұр, бізге күліп қарайды.

Мың құбылып гүлге оранған Астана,

Таңғы шыққа шомылғандай арайлым.

Спортты серік еткен 10 жасар Қасиетәли, бірнеше музыкалық аспапта ойнайды. Оқу озаты би үйірмесіне қатысады. Әйтсе де, жас өренді ерекше қызықтыратыны жыршылық өнер. Жуырда ол, Астана күні қарсаңында өткізілген жыр байқауында бірінші орын алып, ата-анасын қуантты.

Қасиетәли Құдайберген, мектеп оқушысы (Астана):

Бұл жырларда біздің батырларымыздың ерлігі, және даламыздың терең айтылмай кеткен сөздері жырланады. Сондықтан, менің жыр жаттауға құмарлығым арта түсті. Енді алдағы уақытта Қобыланды, Махамбет, Абылай хан туралы жырларды жаттағым келіп жүр.

Осылайша арман қала, асқақ қала - Астана жас ақындардың шығармашылығына арқау болды. Дарынды жастардың өнерін үстей түсті.

Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу