Украина аумағында қазақстандық 1457 жүк вагоны тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина аумағында қазақстандық 1457 жүк вагоны тұр

13.03.2022

Украинаға қандай және қанша тонна гуманитарлық көмек жіберіледі дегенге келсек, апта басында Үкімет жанындағы халықаралық гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі комиссия жалпы құны 2 251 445 доллар болатын 25 түрлі дәрі-дәрмек бөлу туралы шешім қабылдаған. Гуманитарлық көмектің салмағы - 82 тонна деген ақпар тараған. Бүгін мынадай ресми мәлімет шықты: Денсаулық сақтау министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, Алматы - Катовице (Польша) бағыты бойынша гуманитарлық жүкті әуе кемесімен жеткізу мәселесін қарастырды.Украина азаматтарына гуманитарлық көмек 2022 жылы 14 және 15 наурызда Алматы қаласының әуежайынан екі рейспен жіберіледі."Гуманитарлық көмектің жалпы салмағы 28,2 тонна және 17 түрлі дәрі-дәрмек» - деген хабарламада.

Сонымен бірге қазақстандық еріктілердің де бастамасымен гуманитарлық көмектер жіберіліп жатыр.

Отандастарымызды эвакуациялауға келсек. 736 азамат шығарылды, оның 587-і арнайы ұйымдастырылған 4 рейспен елге оралды. 100 ден аса адам Еуропа елдерінде қалуға ниет білдірген. Бірақ басқа да отандастырымыз қалып отыр. Мысалы, жаңа айтқан отқа оранған Мариупольде 18 қазақстандық бар дегенді СІМ ресми өкілі А.Смадияров біздің арнаға берген сұхбатында айтты. Олармен байланысу мүмкін емес. Байланыс жоқ. Жүк көліктеріне келсек, 57 көліктің 49-ы шыққан. Сонымен бірге Украина аумағында қазақстандық 1457 жүк вагоны тұр.

Қазақстан үкіметі әзірбайжан және грузин әріптестерімен келіскен – бірлескен кәсіпорын құрылады. Транскаспий көлік дәлізін барынша пайдалану үшін. Сонда 10 млн тоннаға дейін жүк тасуға болады. Сонымен бірге үкімет ҚХР Лянь-юнь-ган портының тарифін төмендетуге үшін жұмыс істеп жатқандарын хабарлады. Дағдарысқа қарсы жедел штабта «Атамекен» ұлттық палатасының басшысы Қытаймен арада қазақстандық жүктер іркіліп жатқан жоқ деген.

Ал ең маңызды ақпар – қазақстандық мұнайды тасуда қандай да бір санкция, кедергі, шектеу жоқ. Журналистер қайта-қайта қойып жүрген сауалға Энергетика министрі Б.Ақшолақов солай деген. Біздің мұнай 100 процентке жуық Ресейдің территориясы арқылы тасымалданады. Соған байланысты мұнай сата алмай қаламыз ба, деген қауіп болған. Ақшолақовтан бұрын АҚШ қаржы министрлігі ресей мұнайына салынған санкцияның Каспий құбыр желісі консорциумына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

«Каспий құбыр желісі консорциумы» арқылы әлемдік нарыққа күніне 1,2 миллион баррель мұнай шығарылады. Біздің мұнайды Chevron, Exxon Mobil, Eni және Shell компаниялары өндіреді.

Бұл алаңдаудың негізі - АҚШ Ресей мұнайы мен газын сатып алудан бас тартты. Ұлыбритания жыл соңына дейін сөйтпек. АҚШ-та бензин бағасы өскенін айта кетейік, галлонның құны, бұл 3,7 литр, 4,35 доллар. Кейбір штаттар мен ірі қалаларда 7 долларға жеткен.

Тағы бір деталь - ақша айырбастау орындары мен банктерде доллар жетіспей жатыр. Дегенмен Ұлттық банктің хабарлауынша бұл уақытша құбылыс. Тапшылыққа шетел валютасына артқан сұраныс себеп. Әрі долларды елімізге жеткізу жұмыстары созылып кеткен. Яғни шетел валютасымен қаржылық операциялар жүргізуге ешқандай шектеу жоқ. Валюта айырбастау орындары АҚШ долларын сатуды тапшылықтан уақытша тоқтатқан.

ҚР Ұлттық банкі:
Қазіргі жағдайды ескере отырып, Ұлттық Банк АҚШ-тың орталық банкі - Федералдық резервтік жүйеден қолма-қол шетел валютасының қосымша көлемін жеткізу амалдарын қарастырып жатыр. Сондай-ақ, бізде қолма-қол ақшаны көлік компанияларымен уақытында жеткізуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті келісімдер бар екенін хабарлаймыз.

Еліміз PlayStation Store жүйесінде жоқ, сондықтан ойындарды тікелей сатып алу мүмкін емес, себебі Sony компаниясы Ресейге ойындары мен приставкаларын жеткізуді тоқтатып, виртуалды дүкенін жапты деген тоқтықпен астасатын әңгімелерге кеңінен тоқталмаймыз. Тек әлемдік кино орыс тілінде дубляждалмағасын біздің нарық та киносыз қалады деген әңгіме шыққан. Мәдениет және спорт министрлігі «Голливуд фильмдерінің прокат мәселесі шешіледі, келіссөздер жүргізіліп жатыр» деген ақпарат таратты.


Хабарламаларға жазылу