Украинадан 2,5 млн адам босып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадан 2,5 млн адам босып кеткен

13.03.2022

Украина – Ресей. Осы аптада Түркияның Анталья қаласында Украина мен Ресей сыртқы істер министрлері Дмитрий Кулеба мен Сергей Лавров кездескен, бұл соғыс басталғалы Мәскеу мен Киев арасында жүргізілген жоғары деңгейдегі алғашқы келіссөз. Одан кейін журналистердің алдына шыққан Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келмегенін, Мариуполь тұрғындарына гуманитарлық дәліз ұйымдастыру мәселесі де шешілмегенін айтты. Бұл келіссөзге дейін екі елдің арнайы делегациялары Беларусьте үш рет кездескен еді. Тараптар бейбіт тұрғындарға арнап «гуманитарлық дәліз ұйымдастыруға» келіскен. Бірақ... Бірақ өте қиын болып тұр. Мысалы, қоршаудағы Мариупольден тұрғындарды шығару әрекеті. 400 мың тұрғыны болған қала үйіндіге айналған. Адамдар қарды ерітіп ішіп, аулаларда от жағып жан сақтап отыр. Жергілікті биліктің айтуынша, мың жарымдай адам опат болған. Көбін бауырластар зиратына жерлеп жатыр. Мариупольдің тұрғындары өздеріндегі жағдайды екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі блокададағы Ленинградпен салыстырады. Ондағы адамдарды эвакуациялау мүмкін болмай тұр, оқ қарша борап кетеді. Жантүршігерлік оқиғаның бірі - осы аптада Ресей әскері Мариупольдегі перзентхананы атқылады. Әлемдік қауымдастық Мәскеуді әскери қылмыс жасады деп кінәлады. Кремль болса, ол ғимаратты әскерилер штаб қылып алған деуден танбады.

Қайтыс болған бейбіт тұрғындар мен екі жақтың әскерилері жайлы мәліметтер нақты еместігі түсінікті. Ал соғыстың кесірінен Украинадан 2,5 млн адам босып кеткен.

Ресей нарығынан Батыстың 300 ден аса компаниясы кетті. Бұл санды Йелс менеджмент мектебі таратқан. Нарықтық экономиканың символы іспетті Макдональдс – фаст-фуд желісінің ертеңнен бастап жабылатыны, осы күндері «Ресей совет одағына айналып жатыр» деген сарказмға толы әңгімені күшейте түсті. Ең алғаш дәмханасы 1990 жылы қаңтардың соңында Мәскеуде ашылғанда жаңа дәуірдің басталғанын айғақтаған еді. Ал жабылғаны ол дәуірдің аяқталғанын айғақтаса керек. Дегенмен бұл қазіргі заманда аса бір залал деуге болмас. Ресей мемлекеттік думасының жетекшісі В.Володин айтпақшы, тез тамақтанатын дәмхана ашу проблема емес, ол тіпті атауын да атайды: «Ваня көкеде»(У дяди Вани). Залал - бүкіл тәуелсіз басылымдар мен сайттардың бұғатталғаны. Фейсбук пен инстаграмның «құлыпталғаны». Ютуб бар. Бірақ оны да кілттейді-ау деп отыр. Мысалы, Юрий Дудьтің бірнеше хабарын Беларусь «экстремистік» деп таныды. Айтпақшы, оның жазушы Борис Акунинмен тамаша сұхбаты шықты.


Хабарламаларға жазылу