Ресей мен Украина арасындағы соңғы жағдайлар туралы тілшіміз Арыстан Рысбектің сюжеті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей мен Украина арасындағы соңғы жағдайлар туралы тілшіміз Арыстан Рысбектің сюжеті

09.03.2022

Украинаның кейбір аудандарында бүгін тағы да атысты тоқтату туралы шешім қабылданды. Оның мақсаты - Мариуполь, Суми, Энергодар, Вольноваха, Изюм және Киев облысындағы бірнеше қаладан халықтың көшуіне жол ашу. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Украинадан бүгінге дейін 2 миллионнан астам адам көрші елдерге бас сауғалаған.

Пол Диллон, Халықаралық миграция ұйымының баспасөз хатшысы:

Украинада жалғасып жатқан қақтығыстар салдарынан 2 миллионнан астам адам көрші мемлекеттерге қашты. Олардың 103 мыңы - үшінші елдердің азаматтары. Әлбетте, жағдай өте тұрақсыз, сандар сағат сайын өзгеріп жатыр.

Бірнеше қала үшін шайқас жалғасып жатыр

Қазір қоршаудағы Харковь, Чернигов, Мариуполь, Суми қалаларына көктен снаряд жаудырылып жатыр. Сонымен қатар, Киевтің солтүстік-батысы мен Николаев үшін де қақтығыстар болуда. Президент Владимир Зеленский болса, Батыс елдерін Украина аспанын ұшуға болмайтын аймақ деп жариялауға тағы да шақырды. Оның сөзінше, НАТО бұған көнбесе, апатқа өзі де жауапты болады.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Егер аспанды жаппасаң, бұл апатқа сіз де жауапты боласыз. Ауыр гуманитарлық апатқа. Бұл әлемнің гуманитарлық жауапкершілігі.

Байден Ресейдің мұнайын, газын, көмірін импорттауды тоқтатынын мәлімдеді

Америка мен НАТО болса, Ресеймен тікелей соғысудан қауіптеніп, Украина аспанын жаппай отыр. Есесіне президент Джо Байден Ресейден газ, мұнай және көмір импорттауға тыйым салды. Ұлыбритания Ресей мұнайынан жыл соңына қарай біртіндеп бас тартпақ. Сонымен қатар, Еуропа одағы Мәскеуге энергетикалық тәуелділікті қысқарту жағын қарастырып жатыр.

Ресейде жұмысын тоқтатқан шетелдік компаниялар саны 230-ға жетті

Соңғы деректерге сай, Ресей нарығында жұмысын тоқтатқан компаниялар саны 230-ға жетті. Оларға әйгілі "Кока-кола", "КФС", "Старбакс" қосылды. Және де Ресейде 60 мың адам жұмыс істейтін "Макдональдс" та 850 ресторанын уақытша жабатынын жариялады.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу