Қызылордалық Ляззат Пәрменқұлова асыл тұқымды ешкі малын өсіріп, шаруашылығын дөңгелетіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық Ляззат Пәрменқұлова асыл тұқымды ешкі малын өсіріп, шаруашылығын дөңгелетіп отыр

05.03.2022

Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Ыбырай Жақаев ауылында асыл тұқымды ешкі малын өсіріп, шаруашылығын дөңгелетіп отырған нәзік жан бар. Ляззат Пәрменқұлова үйінің қорасында-ақ Австралия мен Еуропа елдерінен шыққан сүт бағытындағы төлдерді жерсіндіріп, көбейтіп отыр. Шекшек ата тұқымын түлеткен іскер әйелдің тіршілігін өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп қайтты.

Шағын шаруашылықта 100-ден аса ешкі болса соның бәрінің өз аты бар. Иесі шақырса еркелеп жетіп келеді. Мал екеш малдың өзі жылулық пен қамқорлықты сезінеді дейді Ләззат Пәрменқұлова. Әу-баста екі ешкі сатып алған ол, үш жылда қорасын төлге толтырып, бүгінде отбасымен кәсібінің берекесін көріп отыр.

Ләззат Пәрменқұлова, шаруашылық жетекшісі:
Әкем соғысқа қатысқан кісі болатын. Маған ешкі бағуды сол кісі айтатын қай кезде де балам береке табамын десең ешкі тез көбейеді, сүті ем, еті жеңіл болады деп. Асқазаны ауыратындар мен қант ауруына өте ем. Көз алдымда үлкен кісілер, балалардың иммунитеті көтеріліп, беттері қызарғанда нұр үстіне нұр болып, өз кәсібіме деген құлшыныс арта түседі. 

Құтты қонақ келсе қой егіз табар деген. Біздің түсірілім тобы келер алдында қорада үш ешкі лақтап, үй иесінің қуанышы еселене түсті.

Жалпы мұнда ешкі тұқымының түр-түрі бар. Әрісі Австралия, берісі Франция, Швейцария шаруалары өсіретін сүт бағытындағы төлдер. Біздің климатқа бейімдеу үшін де ерекше күтім керек. Жылы қорада ұстайды, қысы-жазы жасыл шөп жейді. Ал бір аналығы күніне 4-7 литрге дейін сүт береді.

Ешкі өсірудің қыр-сырын меңгерген Ләззат былтыр мемлекеттен грант жеңіп алды. Қазір ұсақ малды асылдандырған өңірдегі бірден-бір шаруашылыққа айналды.

Ләззат Пәрменқұлова, шаруашылық жетекшісі:
Өзіміздің жерімізде, елімізде, ауылда түрлі жұмысты көркейтуге болады. Үкіметтен қолдау көп пайдалана білген адамға. Тек қана ерінбей жұмыс жасай білу керек. 

Мал баққанға бітеді. Ерінбей еңбек етіп, асыл тұқымды ешкі өсірудің ебін тапқан нәзік жанның болашақта осы кәсібін кеңейтіп, ауылдан үлкен ферма ашу жоспарында бар.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу