Украина мен Ресей арасындағы соңғы ахуал - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина мен Ресей арасындағы соңғы ахуал

27.02.2022

Соғысқа қатысты жаңалықтар сағат сайын емес, минут сайын түсіп жатыр. Негізінен телеграм-арналар арқылы оқып отырмыз. Сондықтан дәл қазір айтқан жаңалық мүлдем басқа арнаға бұрылып кетуі мүмкін. Және бір мән беретін мәселе – міне, былай деп көрсеткен видео мен оған айтылған комментарий жалған ақпарат болып шығуы да ықтимал. Бәрі емес, әрине. Дегенмен бір ғана қып-қысқа видео қате тұжырым жасауға апаруы мүмкін. Пазл көп, алайда тұтас көрініс жиналмай тұр. Сондықтан мынадай фундаментальді жаңалықтарға тоқталамыз.

ЕуроОдақ елдері, АҚШ, Канада және Британия санкция салынған ресей банктерін халықаралық банк жүйесі - SWIFT -тен ажыратуға келісті. Бірлескен мәлімдемеде «Бұл банктерді халықаралық қаржы жүйесінен ажыратып, ғаламдық масштабта жұмыс істеу қабілетін нашарлатады» деген. Әрі қарай: Украина халқына қарсы Путин саналы түрде жүргізіп отырған соғысты айыптаймыз. Путин стратегиялық тұрғыдан омақаса құлауы үшін Ресейді жауапқа тартамыз, деп мәлімдеді.

Қажет болса SWIFT -тен ресейлік басқа да банктерді ажыратындарын айтты. Бұл шешімді - SWIFT -тен ажыратуды, амал қалмағанда, ең соңынан қарайтын мәселе деп айтатын. Ал ресейлік шенеуніктер бұдан Еуропаның өзі Реейден кем емес зардап шегеді дейтін.

Әрі қарай кеттік. Еурокомиссияның жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Ресей Банкінің активтерін мұздай қатыруға келіскендерін де хабарлады. Мақсат - Орталық банкін мешел қылып, әскери бюджетін қолдана алмайтындай қылу. Ресейдің орталық банкінің 640 млрд доллар көлемінде валюта қоры бар. Басым бөлігі батыс әлемінің орталық банктерінде жатыр. Мысалы, Нью-Йорк, Лондон және Франкфуртте. Орталық банктің активтерін мұздай қатыру ресей экономикасына да ықпал етеді. Сонымен бірге рубль бағамын реттеу үшін нарыққа шығып интервенция жасауға мүмкіндік бермейді. Қаржылық хаос орнатып, жұрттың банктерден жапа-тармағай ақшасын алуға, одан рубльдің құлдырауына және ресейлік кәсіпкерлердің байбалам салуына апарады. Банк жүйесі «қалықтап барып құлайды» деп отыр. Сонымен бірге Батыс әлемі Путиннен бастап оның маңындағы жоғары атқарушы билік өкілдеріне, досы саналатын кәсіпкерлерге, Донецк мен Луганскіні мемлекет деп мойындап дауыс берген депутаттары және пропогандышыларына санкциялар салып жатыр. Кіргізбеу бер жағы, есепшоттарын бұғаттауға дейін. Детальдарға келсек, ресейлік олигарх Абрамович енді Британияда тұра алмайды, мысалы. Ол тіпті Челси клубын тікелей басқара алмайды. Сондай-ақ, Батыс әлемі Ресей үшін әуе кеңістігін де жапты.

Ал Украинаға қаржылай көмек көрсетіп, әскери қару-жарақ жеткізетіндерін де хабарлап жатыр. Мәселен, АҚШ 600 млн доллар бөледі.

Кез келген соғыстың бәрібір стол басында аяқталатыны мәлім. Бүгін екі тараптың өкілдері кездесіп қалуы мүмкін деген ақпарат тараған. Сөйтіп Ресей делегациясы Беларусьтің Гомель қаласына баратыны хабарланған. Бір сағаттан аса уақыт бұрын Ресей президентінің көмекшісі В.Мединскийдің Украина келіссөз болатын жерге баратынын растады деп айтқанын ТАСС агенттігі таратты.


Хабарламаларға жазылу