Оралда жол салған кәсіпкер ақшасын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда жол салған кәсіпкер ақшасын ала алмай жүр

20.12.2022

Оралда мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, жол салған кәсіпкер ақшасын ала алмай жүр. Айтуынша, жергілікті билік заңсыздыққа барған. Ал сарапшылар мемлекеттік сатып алу туралы заң мен порталдың кем-кетігін жіпке тізіп, азаматтық коалиция құрып, заң жобасын қайта жасауды ұсынып отыр.

Кәсіпкер Руслан Хамзин екі жыл бұрын қаладағы Құсайынов көшесінің жолын салып бітірген. Айтуынша, қалалық тұрғын үй шаруашылық бөлімі құрылысқа жұмсалған 100 млн теңгенің жарты ақшасын бермей отыр. Жұмыс аяқталса да, сапасыз деп, оны қабылдамай, кәсіпкерді сотқа берген. Сот оны жауапсыз мердігер деп таныған. Бірақ жол пайдалануға берілді. Шығынға батқан кәсіпкер енді жағалай қарыз.

Руслан Хамзин, кәсіпкер:

Тапсырыс беруші бізді сотқа берді. Заңгерлермен ақылдаса келе, біздікі дұрыс екенін айтса да солай шешім қабылданды. Біз, әрине, оған келіспейміз. Мемлекеттік сатып алу заңы бойынша қалған жұмыстарды бітіруге тиістіміз. Ол жұмысты бітіруге бізге мұрша берген жоқ. Екіншіден, 2020 жылы Құсайынов көшесі бойынша бітірген жұмысымыздың ақшасын бермей қалды.

Қазір облыста 15 мектептің күрделі жөндеуі кестеден кешігіп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, мұның бір себебі - мемлекеттік сатып алу конкурстарында жобаларды басқа аймақтың кәсіпкерлері ұтып алады. Алайда оларда не техника, не жұмысшы, не өндіріс базасы жоқ. Өңірге келіп, жобада көрсетілген бағадан да төмен сомаға қосалқы мердігерді жалдайды. Салдарынан қаржы жетпей, құрылыс сапасыз жасалады, не кестеден кешігеді.

Бауыржан Ахметжан, «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының өкілі:

Порталдың өзі керемет емес. Ол күшті жұмыс жасап тұрған жоқ. Оның ішінде қателіктер бар. Порталға бір міндетті құжатты салмасақ, портал оны сұрамайды. Сіз қазір порталға кіріп, тапсырыс берсеңіз, бірден бір көзден конкурс жарияламай-ақ өткізе аласыз. Неге портал ондайға жол беріп тұр? Заң мен порталдың шикілігі сонда - біз субподрядчикті де порталдан көре алмаймыз.

Мемлекеттік сатып алу сайтында қосалқы мердігерлер жайлы мәлімет болмағасын, тапсырыс берушімен келісімшарт жасалмайды. Соның кесірінен жұмысшылардың заңдық құқығы бұзылады. Сондай-ақ порталда кәсіпкердің нәтижелі жұмысына емес, салық жүктемесіне қарау, бір көзден сатып алу, құжаттарды түгел көрсетпеу секілді олқы тұстар бар.

Әлия Салиева, Облыстық мәслихат депутаты:

Мемлекеттік сатып алуға көбіне жауапсыз мердігерлер өтіп кетеді. Олар бағасын төмен қояды, бірақ оның сапасына ешкім қарамайды. Екіншіден, көбі басқа өңірдің кәсіпкерлері жеңіп алады. Бірақ олардың қолдарынан келмей жатады. Тағы басқа үміткерлер бар ғой, конкурста екінші, үшінші орын алғандар. Соларды неге қоймайды? Жоқ, қайта ойнату керек конкурсты. Оған уақыт кетеді.

Қалалық тұрғын үй шаруашылық бөлімі сот шешіміне сай кәсіпкерге ақша қайтарылмайды дейді. Ал облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені назарға алуға уәде берді. Президент тапсырмасымен заңға енгізіліп жатқан өзгерістер туралы да айтты.

Темірхан Меңдіғалиев, Облыс әкімінің орынбасары:

Енді жауапсыз деп танылған кәсіпкер келесі конкурстарға да қатыса алады. Бірақ ол басқалардан көбірек кепіл жарна салуы керек. Ал егер конкурстан жеңіліп қалса, ақшасы сол бюджетте қалады. Сондай-ақ конкурсқа қатысып, «бағаны түсіреміз» деп басқаларды қорқытып, саудаласып, арада ақша жасайтын «алаяқтар да» жойылады.

Сарапшылардың айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін азаматтық коалиция құрып, жаңа заң жобасын қайта жасап шығару керек. Әйтпесе, сапасыз салынған жол, құрылысы бітпеген мектеп, жөндеуі кешіккен емханалар - мемлекеттік сатып алудың мардымсыз нәтижесі боп қала бермек.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу