Екібастұз МАЭС-1 тәулігіне 4000 МВт қуат өндіретін болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұз МАЭС-1 тәулігіне 4000 МВт қуат өндіретін болады

17.02.2022

2023 жылдың желтоқсан айынан бастап Екібастұз МАЭС-1 станциясындағы 8 энергоблок түгелдей іске қосылмақ. Нәтижесінде кәсіпорын тәулігіне 4000 МВт қуат өндіретін болады. Өндірістік қуаттылығы бойынша әлемдегі ең алып стансадағы жөндеу жұмыстарынан кейін энергетикалық тапшылық жойылады ма ? Жаңғыртылған өндіріс орнына тілшіміз Болат Аманбаев арнайы барды.

Ел нарығында электр энергиясына деген сұраныс былтыр бірден 6 пайызға артты. Ал, қуат өндіруші сала үшін 2 пайыздың өзі үлкен ауыртпалық. Екібастұздағы МАЭС-1 стансасындағы 7 энергоблок тоқтаусыз жұмыс істеді.

Серік Серьянов, өндірістік-техникалық басқарма басшысы:

2021 жылы біздің станция 22,8 млрд КВт сағат электр энергиясын өндірді. Ол рекордтық көрсеткіш. Өткен көрсеткіш 1987 жылы болған. Ол кезде толық 8 блок істеді.

Қазір станция тәулігіне 3000 МВт қуат өндіреді. Себебі, 50 жыл болған ескі жабдықтарға күш түскен соң 5-ші энергоблок сыр берді. Кәсіпорын оны өз қаражатына жөндеп, бүгін іске қосты. Ендігі меже кәсіпорынның өндіріс қуатын арттырып, шығынын азайту. Ол үшін 1-ші энергоблокты іске қосу қажет.

Болат Аманбаев, тілші:

Жаңартылып, келесі жылы іске қосылатын 1-ші энергоблок осы. Қазіргі жағдайда қайта монтаждау жұмыстарының 88 пайызы атқарылған. Бірер уақыттан соң бұл жерге қуат үстемелейтін турбина орнатылады. Қазіргі уақытта қажетті жабдықтардың жартысынан астамы сатып алынды.

Қазақстанда электр энергиясының профициті, яғни, өндірілген қуатты өткізу қиындап кеткен 90-шы жылдары станса шетелдік компаниялардың басқаруына берілді. Сол кезде жабдықтары ұрланды, сатылды. Өндіріс құлдырады. 2017 жылдың өзінде алып станция тәулігіне 2000 МВт қана қуат өндіретін. Укімет тарапынан электр энергетикасы саласын қайта құру бағдарламасы қабылданып, модернизациялау жұмыстары басталғаннан кейін жағдай түзелді. Өткен жылы 1-ші энергоблокты қайта қалпына келтіру үшін 400-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды.

Еділ Көпенов, экісбастұз МАЭС-1 станциясының бас директоры:

Жылына 3 млрд 400 млн КВт сағатына дейін 1-ші энергоблок қосылатын болса, сұранысын көбейтеміз. 500 МВт станция. Негізі бұл Қазақстанға керек нәрсе. Қазіргі заманда бізде жаңағы сұраныс көп болғаннан кейін, біз сол жұмыстарды тездетіп жатырмыз.

Инвестициялық жобаның жалпы құны 50 млрд теңгеден астам. 8 энергоблок түгелдей іске қосылып, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеуге көшкен соң бұл қаржының қайтарымы да тез болмақ. Ең бастысы елдің энергетикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етілмек.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу