Түркістан облысының Бәйдібек ауданында салынғанына небәрі он екі жыл болған мектеп ғимараты шіріп, қирауға айналды. Ғимаратты жылыту және желдету жүйелері дұрыс жасалмағандықтан едендері ойылып, төбесі опырылып құлағалы тұр.
Екі жүз елуден астам оқушы денешынықтыру сабағын үреймен өткізеді. Еден зілзаладан кейін бедері өзгерген жердің қыртысы секілді. Ойлы, қырлы. Ол аздай алаңның орта тұсы шіріп, әр жерінен ойылып қалған. Шынығамыз деп жүріп, аяғы шаншылып мертіккендер де болды.
Нұрмахан Байзалиев, денешынықтыру пәнінің мұғалімі:
Осы жерде амал жоқтан ойнатамыз. Жазда далаға шығарамыз. Қаншама балалардың аяқтары шығып, сынып жатыр. Амал жоқ спортқа үйретуіміз керек.
Спорттық жаттығуларды экстрималды жағдайда өткізетін балалар өзге сабақтарда да біраз қиындықтарға шыдауына тура келеді. Мектептің жылу жүйесі де дұрыс жұмыс істемейтіндіктен киімшең отыруға мәжбүр. Ал жауынды күндері төбеден сорғалап су ағады.
Ғани Қалмахан, тілші:
Бұл мектептің оқушылары соңғы 5-6 жылдан бері мекенін ауыстыратын жыл құстарының күйін кешіп жүр. Күн суытса болды ғимарттың күнгей бетіндегі бөлмелерге көшіп өтеді. Өйткені төбесінен ұдайы су ағып тұратындықтан және жылудың жоқтығынан мұнда сабақ өту мүмкін емес. Осындай себеппен қазір мектептің 4-5 сынып бөлмесі тарс құлыптаулы тұр.
Шатырдан аққан судың әсерінен думан залының төбесі құлауға айналды. Ғибарат қабырғалары бірнеше жерден қақ айырылып жарылып кеткен.
Әшімхан Балабеков, мектеп директоры:
12-13 жыл болып жатыр бұл мектепке ешқандай ремонт істелінген жоқ. Сыртты көрсетсем құлайсыздар. Мектеп ешқандай заман талабына сай емес. Неге жөнделмейді. Білмеймін.
Іргелес қонған қос ауылдың балалары оқитын бұл мектеп 2009 жылы соғылған. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен. Білім ұясындағы жағдайдың айтылып келе жатқанына 5-6 жылдың жүзі болды. Әзірге нәтижесіз.
Мұқағали Садық, Бәйдібек ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы:
Спорт залға жобалау сметалық құжатын әзірлегенбіз. 14 миллион теңгеге. Құжат облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына бюджеттік сұраныс өтінімі берілген. Алдағы жылы шешімін табады деген ойдамыз.
Мектепке күрделі жөндеу жасау туралы ұсыныс та жергілікті билік тарапынан қолдау таппай келеді. Уәждері қазына қаржысының жетімсіздігі. Сондықтан Алғабас пен Майбұлақ ауылы балаларының сабаққа сақтанып барып, үйге үреймен қайтудан өзге амалдары жоқ.
Ғани Қалмахан