Шығыны табысынан негізсіз асып кеткендер жазалануы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыны табысынан негізсіз асып кеткендер жазалануы мүмкін

16.02.2022

Жемқорлардың жолын кесетін тағы бір әдіс қолға алынбақ. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлердің табысы мен шығысы қатар тексеріледі. Егер шығыны асып кететін болса олар жазаланады. Осылайша пара бергендер мен алғандардың, әрі олардың туған-туыс, жақындарының ісі жаппай қаралады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жобасы қаралды.

Табыс барда шығыс болуы заңдылық. Бірақ айырмашылығы жер мен көктей болса әлбетте күмән тудырады. Ал бізде мұндай жайттар аз емес. Ел қатарлы қызметте жүріп қымбат көлік мінеді, зәулім үй соғады. Қарапайым схема. Жемқорлық арқылы жеңіл жол тапты немесе сыбайлас болып өзгенің мүлкін иеленді. Көпшіліктің сыртқы ызасы да, ішкі қыжылы да осыдан туады. Көп асқанға бір тосқан. Агенттік төрағасы заңсыз баюмен күресті күшейтуге білек сыбанып отыр.

Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
Келесі заңнама дайындалып жатыр. Ол қаржылық тергеу. Ақшаның ізімен жүру дейміз.Ол қай жерден пайда болды. Ол кім арқылы алынды. Егер түсіндіре алмаса көзін айта алмаса негізсіз баю дейміз. 90% әкімшілік жауапкершілік ретінде бәрі мемлекеттің бюджетіне тәркіленеді.

Яғни, кіріс пен шығыстың айырмашылығы 3 млн теңгеден асып кетсе, соманың 90 пайызын айыппұл ретінде қайтаруға міндетті. Әрі 3 жылға дейін жұмысынан қуылуы мүмкін. Мансаптық жаза қарастырылады. Бірақ, әрбір жағдайда шығындардың заңдылығын түсіндіруге әрқайсына теңдей мүмкіндік беріледі. Заң жобасының негізгі мазмұны осы. Тағы бір тұсы – жемқорлық жайын хабарлаған адамға қатысты мәліметтерді құпия ұстау. Оларды қорғау жүйесі жетілдіріледі. Ал депутаттар ағайындардың бір органда басшылықта болуына алаңдап отыр.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Бір мемлекеттік орган немесе квазигосударственный органда екі ағайын адам басқарып отырса ол дұрыс емес қой. Заңда көрсетілмеген. Депуттатқа айтқым келіп отыр. Бұл туралы агенттік төрағасынан рұқсап сұрап қажеті жоқ. Ол сіздің депуттық құқыңыз. Оны сіздер де бұл мәселені менің ойымша шешулеріңіз керек.

Көпшілік күтіп отырған заң жобасының бүгін бірінші оқылымы. Құжат алдағы уақытта тағы да пысықталып, толықтыралады. Дегенмен, депутаттар бұл жоба елдегі жемқорлықты жоя алатынына күмәнмен қарап отыр.

Жаңарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әрине қолданыстағы заң жобасын жеңілдетеді. Бірақ түбегейлі сыбайлас жемқорлықты жойып тастайды деп есептемеймін. Оған қатысты әріптестердің де сыбайлас жемқорлыққа қатысты талқылау 1 сағаттан аса уақыт өтті. Демек әріптестерден қойылмаған сауалдар бар. Сондықтан оның ішіндегі нормалар толыққанды түбегейлі шешеді деп ойламаймын. Оны әлі қатаңдату керек деп ойлаймын.

Сондықтан алдағы уақытта заң жобасына қатаң нормалар әлі де енгізіледі. Ал жоғарыда айтылған жаңашылдықтар 5 жылдан кейін ғана қолданысқа енеді.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу