«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы жұмыс жоспарын таныстырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы жұмыс жоспарын таныстырды

10.02.2022

Мәжілістегілердің мүмкіндіктері артады. Ол үшін конституциялық заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Өйткені, депутаттардың Үкіметке кей жағдайда сөзі өтпейді. Ал «Жаңа Қазақстан» деп аталатын жаңа топ мүшелері Мәжілістің өкілеттігін күшейтуді көздеп отыр. Топтың тағы қандай мақсат-міндеттері бар? Асима Нұрбайқызы біліп қайтты.

«Жаңа Қазақстан» құруға депутаттар шындап кіріскенге ұқсайды. Білек сыбанып отыр. Бастамашыл топтың құрамында 31 депутат бар. Қатары тағы толығуы мүмкін.

Сырттан ешкім қосылмайды. Топта – сол парламент депутаттары. Қаралатын мәселелер де бұрынғы. Тек мәжілістің жұмысын жаңа арнаға бұрғылары келеді. Ол үшін тіпті конституциялық заңды өзгертуге дайын отыр.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздің ойымызша, Конституциялық заң мен Парламент регламентіне өзгерістер қажет. Мұны бүкіл партия қолдап отыр. Осындай баптарды өзгертуіміз керек.

Сонымен жаңа топ алдымен «Алтын орданы» аңдымақ. Майшелпекке айналған «Қорғас» халықаралық орталығын да тексереді. Түрмелерді де тінтеді. Бұған дейін Президент бірқатар саланың былығын ашып берген. Енді Үкімет ретке келтіруі тиіс. Депутаттық топ оларға қолғабыс танытуға құлшынып отыр. Үкіметтің де жұмысын бақылау күшейеді. Жақын күндері халық жұмыстың алғашқы нәтижесін көре бастайды. Топ мүшелері оған сенімді.

Халық қалаулылары - халық сұранысына құлақ аса бастағандай. Қойылған сұрақтардың бәріне тек мемлекеттік тілде жауап берді.


Хабарламаларға жазылу