Петропавлда көлік контрабандасымен айналысқан қылмыстық топқа қатысты сот басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда көлік контрабандасымен айналысқан қылмыстық топқа қатысты сот басталды

04.02.2022

Петропавлда көлік контрабандасымен айналысқан трансұлттық қылмыстық топқа қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Облыстық Экономикалық тергеу департаменті Ресей арқылы Жапониядан Қазақстанға қымбат автокөліктерді заңсыз тасымалдаған топты былтыр құрықтаған еді. Қоймадан сатылып үлгермеген 60 темір тұлпар табылды.

Алаяқтар жылжымалы мүлікті ел аумағына қосалқы бөлшек ретінде өткізіп, кейін ресейлік жалған құжат пен мемлекеттік нөмір жасап сатқан. Қазақстанға 1500-дей көліктің кіргізілгені анықталды. Олардың барлығы заттай айғақ ретінде тәркіленіп, қазір айып тұрағында тұр. Иелеріне қайтарылар-қайтарылмасы әзірге белгісіз.

Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 650 млн теңге. Топ мүшелері - Қазақстан және Ресей азаматтары. Олар сот отырысында өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. Ұйымдастырушы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Самат Шарышев, СҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті тергеу басқармасының басшысы:

Заттай айғақ ретінде тәркіленген көліктердің тағдыры сот шешімінен кейін белгілі болады. Оларды сатып алған азаматтардың еш айыбы жоқ. Олар қылмыстық істе куәгер ретінде тіркелген.


Хабарламаларға жазылу