Ерлан Қошанов Мәжіліс төрағасы болып сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлан Қошанов Мәжіліс төрағасы болып сайланды

01.02.2022

Ерлан Қошанов Парламент Мәжілісінің төрағасы болып сайланды. Бұған дейін ол Президент әкімшілігі басшысының қызметін атқарып келген. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы Нұрлан Нығматулиннің депутаттық өкілеттігін тоқтатты.

Саламат Омаш, тілші:

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Бұл туралы комиссияның бүгінгі өткен отырысында белгілі болды. Биыл Мәжіліс спикері болғанына 10 жыл толған Нұрлан Зайроллаұлы 3 шақырылымға төраға болған. Ол «Nur Otan» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сайлаушылар мен бірге жұмыс істеген депутаттарға сенім білдірегін үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Парламент Мәжілісі депутатының бос мандаты «Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ерлан Қошановқа берілді.Осыдан кейін депутаттар Ерлан Жақанұлын Парламент Мәжілісінің төрағасы етіп сайлады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Өмір жолымның бірқатар уақыты осы Парламент қабырғасында өтті. Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында осы абыройлы жұмысты жалғастырамыз деп ойлаймын. Парламент Мәжілісіне жетекшілік ету деген ерекше мәртебе. Бұл - Қазақстан халқы мен мемлекет басшысының алдындағы үлкен жауапкершілік.

Саламат Омаш, тілші:

59 жастағы Ерлан Қошанов бұған дейін Азаматтық авиация комитетін, Премьер-Министрдің кеңсесін басқарған. Қарағанды облысының әкімі әрі 2019 жылдан бүгінге дейін Президент әкімшілігі басшысының қызметін атқарған.


Хабарламаларға жазылу