Кремль санкцияларға жауап беретінін ескертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кремль санкцияларға жауап беретінін ескертті

31.01.2022

Британияның Ресейге қарсы санкция жариялау туралы мәлімдемесі алаңдатады. Кремльдің арнайы өкілі Дмитрий Песков осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, жекелеген бір елдің ресейлік бизнеске шабуылына Мәскеу жауап қайтарады. Оның британиялық компанияларға да зияны тиеді.

Бұған дейін Ұлыбритания Кремльге байланысы бар ресейлік компаниялар мен олигархтарды санкцияға алатынын ескертті. Осы елдің сыртқы істер министрі Элизабет Трасстың сөзінше, санкциялар Ресей Украинаға басып кірген жағдайда күшіне енеді.

АҚШ сенаторлары да Мәскеуге қарсы санкциялар бойынша келісімге келуге жақын. Құрама Штаттар санкциялардың кейбірін Ресей Украинаға шабуылдамаған жағдайда да енгізбек.

Дағдарыстан шығудың дипломатиялық жолдары да қарастырылып жатыр. Бүгін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі АҚШ-тың бастамасымен ашық отырыс өткізбек. Жиын Ресейдің Украинамен арадағы шекарада жауынгерлерін шоғырландыру мәселесіне арналған. Ақ үйдің мәлімдеуінше, отырыста Ресей өз әрекетін түсіндіруге мүмкіндік алады. Ал Мәскеу бұл жиынның өтуі БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің беделіне нұқсан келтіретінін мәлімдеген.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу