4 күннен соң Бейжіңде ақ ойындарының алауы тұтанады. Аспан асты елінің астанасы - жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құрметіне ие болған әлемдегі жалғыз шаҺар. Дүбірлі додада спорттың 15 түрінде 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жаһан жұрты тағатсыздана күткен бәсекеге Қытай мемлекетінің дайындығы қандай? 200 шақырым қашықтықта орналасқан нысандарға делегация мүшелері қалай қатынайды? Бұл сауалдарға әріптесім Азат Қадырбек жауап берсін.
Бейжің, Яньцин және Чжанцзякоу. Қысқы Олимпиада ойындарының жарыстары дәл осы үш қалада қатар өтеді. Бұл бәсекелерден хабар тарату мәртебесіне ие болған БАҚ өкілдері әуелде халықаралық тіркеуден өтіп, арнайы құжат рәсімдейді. Ал, жарыс өтетін қалаларға арнайы автобустармен жетуге болады. Шалғай жатқан спорт нысандарына бару үшін заманауи электропойызда іске қосылды.
Спортшылар тұратын Олимпиада қалашығында тәртіп қатаң. Делегация өкілдерінен сұхбат алу үшін арнайы қоршауда тұрып қана қажетті сауалдарға жауап аласыз.
Барбора Зеханова, Чехия Олимпиада комитетінің өкілі:
Чехия құрамасы бұл бәсекеге тастүйін дайындықпен келді. Бұл ойындарда еліміздің намысын 114 спортшы қорғайды. Ал, Қазақстандық спортшыларға тоқталар болсақ біз үшін Александр Винокуровтың есімі жақсы таныс. Сіздерге сәттілік тілеймін.
Жерлестеріміз жаттығуларына кірісіп кетті. Атап өтетін ең маңызды ақпарат. «Бірге ортақ болашақ үшін» - ұранымен өтетін төртжылдықтың басты додасында 34 отандасымыз спорттың 8-түрінде жүлдеге таласады.
Азат Қадырбек