Қостанай облысында 15 ауыл орталық су желісіне қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 15 ауыл орталық су желісіне қосылады

25.01.2022

Қостанай облысында «Аймақтарды дамыту» бағдарламасының арқасында елді-мекендердің 75 пайызы сапалы ауыз су тұтынып отыр. Алайда олардың басым бөлігінде су бір орталықтан беріледі немесе көлікпен тасымалданады. Тұрғындары су әкелетін көлікті күтумен күн өткізіп жүрген ауылдардың бірінде тілшіміз Дәуренбек Әбдібек болып қайтты.

Дәуренбек Әбдібек, тілші: 
Бұл ауылдың кеңес заманындағы Глазунов атауының Айсарыға ауысқанына төрт жыл болды. Тарихи атауының қайтарылуы әрине, тәуелсіздіктің жемісі. Алайда атауы өзгергенмен инфрақұрылымында еш өзгеріс болмай тұр. Облыс орталығынан 35 шақырым қашықтағы, күре жолдың бойындағы елді-мекеннің тұрғындары әлі күнге үйлерін қатты отымен жылатады. Ауыз суды тасып ішеді.

Жасы ұлғайғанына қарамастан Әбдір ақсақал күнде шанасын сүйреп құдықтан су тасиды. Оның өзі малға беріп, кір-қоңын жууға ғана жарамды. Ауыз суды бұл ауылға аптасына бір рет көлікпен әкеледі.

Әбдір Айтжанов, ауыл тұрғыны: 
Менің көшіп келгеніме осында 5 жыл болды. Содан бері жылда су тартылады дейді, әлі жоқ. Құдықтың суы ащы, тіпті мал да ішпейді.
Сағындық Зарлыханов, ауыл тұрғыны: 
Енді не істейміз? Көрген күніміз осы. Өзім 72 жастамын. Шелектеп су тасып жүреміз осылай. Суымыз үйге кіріп тұрса, газ болса, біз де адам сияқты өмір сүргіміз келеді.

Тұрғындардың айтуынша көлікпен жеткізілетін судың әрі флягі 125 теңге. Үйдегі бар ыдысқа толтырып алғанмен кейде ол бір аптаға жетпей таусылып қалады. Ондайда дүкеннен сатып алуға тура келеді. «Көлікпен тасымалданатын судың өзінің тазалығына күмәндіміз» дейді тұрғындар.

Әмір Қайыров, ауыл тұрғыны:
Асты міне лайланып тұрады. Шөп сияқты бірдеңе жүреді кейде ішінде. Құбырдың, топырақтың дәмі шығып тұрады.

 Ал ауыл әкімі болса ауыз су мәселесі алдағы екі жылда толық шешіледі деп отыр. Яғни әр үйге кіргізілетін орталық желі тартылады. Жоба бекіген, қаржы бөлінген.

Бауыржан Нұрғазин, Айсары ауылының әкімі: 
1 млдр теңге бөлінді. Биыл соның 460 млн теңгесін игереміз. Жоба екі жылға есептелген. Келесі жылы толық аяқталады.

Жалпы биыл Қостанай облысында ауылдарды ауыз сумен қамтуға байланысты 29 жоба бекітілген. Соның ішінде 15 елді-мекен орталық желіге қосылады. Ал ауыз су мәселесі алдағы екі жылда шешіледі деп отырған Айсары ауылына табиғи газ тарту әзір мүлде жоспарда жоқ.

Дәуренбек Әбдібек 


Хабарламаларға жазылу