Түркияда қалың қар жауып, ондаған әуе рейсі шегерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда қалың қар жауып, ондаған әуе рейсі шегерілді

24.01.2022

3 күннен бері тоқтамай жауған қардың кесірінен Түркияда қалааралық авто және кеме қатынасы тоқтатылып, 31 әуе рейсі кейінге шегерілді. Үлкен қалаларда көлік қатынасы қиындап, ұзын-сонар кептелістер пайда болып, жол апаттары көбейген. Анкара мен Ыстамбұлдың арасын жалғайтын күре жолдың бойында көктайғақтың кесірінен 37 көлік бір-біріне соқтығысып, 22 адам жараланды. Дәл осы жолдың бойында жолаушылар автобусы аударылып, 3 кісі көз жұмды. Коммуналдық қызметтер күн-түн демей қармен алысып жатыр. Қолайсыз ауа райына байланысты бірнеше ірі қалада мүмкіндігі шектеулі адамдар мен жүкті әйелдердің жұмысқа шықпауына рұқсат берілді.

Синоптиктер қар әлі 1 апта жауады деген болжам айтып отыр.  

Юксел Яған, Түркия метеорологиялық орталығы талдау бөлімінің басшысы: 

Қалың қардың жаууына себеп болған антициклон еліміздің батысынан басталып, шығысқа қарай ойысып барады. Аптаның соңына дейін барлық аймақтарда осындай ауа райы сақталады. Қар тоқтаған соң келесі аптада күн күрт суытады деп болжап отырмыз. Сондықтан тұрғындар алыс жолға шықпағаны абзал.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу