Талдықорғанда республикалық ақындар айтысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда республикалық ақындар айтысы өтті

16.04.2014
Талдықорғанда республикалық ақындар айтысы өтті
Талдықорған төрінде республикалық ақындар айтысы өтті. «Бір ел, бір халық, бір тағдыр»атты жыр додасы  «Нұр отан» партиясының 15 жылдығына орайластырылды.
 
Бұл жолы өнер сайысына еліміздің әр өңірінен және Қытай елінен келген ақындар қатысып, бақ сынасты.
 
Бұл - «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырып отырған 3-ші айтыс. Бұрынғыдан ерекшелігі, айтысқан екі жұпқа арнайы тапсырма беріліп отырылды. Бір жұп суретке қарап, ұйқас іздесе, енді бірі көрерменді өтірік өлеңімен тәнті етті.
 
«Бұл тосын тапсырмалар ақындарды тек шыңдай түседі»,- дейді «Алтын домбыра» иегеріЖандарбек Бұлғақов.
 
Жандарбек Бұлғақов, айтыскер ақын:
Жастарды қызықтыру мақсатында осындай тапсырмалар береді. Бір жағынан айтыстың дамуына үлес қосса, екіншіден, ақындардың ізденуіне, шыңдалуына үлкен септігін тигізеді. Айтыс заманға сай жаңарып, дамып жатқанына біз қуаныштымыз.
 
Суырыпсалма сөздің шеберлері негізінен ел бірлігі, мемлекеттің дамуы, қазақ тілінің мәртебесі мен сырттағы саясатты тілге тиек етті. Айтыс десе, ішер асын жерге қоятын көрермен қыз бен жігіт айтысын, қайым айтысты да тамашалады. Жиналған қаражат қайырымдылық шараларына жұмсалмақшы.
 
Ерғазы Қошанбеков, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: 
Партияның биылғы қолға алып отырған жұмысы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету. Осыдан түскен қаражатты  Талдықорған қаласындағы мүгедек інімізге шетелге барып емделіп келуіне табыстайық деп отырмыз.
 
Айтыстың толық нұсқасын жұрт жуырда «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан тамашалайтын болады.
 
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу