Алматы тұрғындары мен еріктілері қала қауіпсіздігіне жауапты әскерилерге алғыс білдіріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы тұрғындары мен еріктілері қала қауіпсіздігіне жауапты әскерилерге алғыс білдіріп жатыр

14.01.2022

Алматы тұрғындары мен еріктілері қала қауіпсіздігіне жауапты әскерилерге алғыс білдіріп жатыр. Олар ел тыныштығын күзеткен сарбаздар мен құқық қорғау органдарының мамандарына үздіксіз ыстық тамақ таратуда. Мұндай игі істі мегаполистегі ірі мейрамханалар да қолдап отыр. Олар көпбалалы обасылар мен балалар үйіне азық-түлік жеткізіп беруде.
Қала қалыпты өмірге оралып, тіршілік жандана бастады. Бірақ тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен, көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау әлі жалғасуда. Шаһар кәсіпкерлері бірігіп асар ұйымдастырыпты. Олар 7 қаңтардан бастап көпбалалы отбасылар мен балалар үйіне азық-түлік, ыстық тамақ таратуды қолға алған.
Айнұр Шырманбаева, мейрамхана қызметкері: 
Осындай қиын кезеңде мемлекетімізге қолдау көрсеткіміз келді және шын жүректен адамдарға қолдау жасағымыз келді. Кең болсаң кем болмайсың дейді ғой, бір адамның жүрегінде мейрім оятсақ бақыт деп білеміз. 
Еріктілер мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен тұрмысы төмен отбасыларды да назардан тыс қалдырмай, кешкі және түскі астарын жеткізіп беріп отыр. Сондай-ақ басқа кәсіпкерлерді де осы игілікті шараға атсалысуға шақырды.
Нұрсұлтан Тілектесов, тілші: 
Біз қазір Алматы қаласына кіре берістегі блокбекеттердің біріндеміз. Мұндай арнайы жасақ, әскери полиция және Десанттық шабуылдаушы батальонның 40-қа жуық әскері кезекшілік атқаруда. Ел тыныштығын күзеткен әскерилерге еріктілер мен тұрғындар келіп, тамақ таратып жатыр.
 Александра Дәурбаева,тТалғар аудандық мәслихатының депутаты:
Блокбекетте тұрған сарбаздардың үйіне барып, тамақ ішуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ыстық тамақ беруді жөн көрдік. Осындай ауыр кезеңде қолдау көрсетпесек, қай кезде бірігеміз?!
Бақытжан Әбенов, ҚР ҚМ 12740 әскери бөлімінің звод командирі:
Мемлекетімізде соңғы болған оқиғаларға байланысты халқымды тыныштыққа шақырғым келіп отыр. Күшіміз бірлікте болса алынбайтын қамал жоқ. Басталғалы бері халқымыз бізге көмектесіп жатыр. Біз әрқашан әскери антымызға адалмыз.
Бүгінде қаладағы ірі компаниялар мен жеке кәсіпкерлер ауруханаларға да қолдау көрсетіп, жедел жәрдем көліктерін сыйға тартып жатыр. Ендігі міндет - тұрғындармен бірігіп шаһар көшелерін тазартуға кірісу дейді ержүрек еріктілер.


Хабарламаларға жазылу