Бітімгерлер: Қазақстанға 5 елден 2 мыңнан аса әскери мен 250-ден аса техника келген

14.01.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешіміне сәйкес жуырда біріккен бітімгершілік контингентін кезең-кезеңімен шығару басталды. Бүгін түнде Қырғыз, Беларусь, Армения және Тәжік елдерінің сарбаздары өз отандарына оралды. Ал, кеше ресейлік сарбаздардың алғашқы легі ұшып кеткен болатын. Олар ұйым ережесіне сәйкес бір апта бұрын Қазақстандағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектесу үшін келген еді.

Жетіген әуе айлағы әскери стратегиялық нысан. Дәл осы жерге бітімгерлердің бірінші десанты қонған болатын. Оның қауіпсіздігін Беларусь жасағы күзетті. Қазір нысан қазақ қарулы күштерінің қолына тапсырылды. Ал кеше түнде беларусь сарбаздары осы жерден 10 әуе айлағымен отанына қайтты.

Ал Алматы әуежайынан Тәжік және Армения қарулы күштері елдеріне ұшты. Олар қаладағы әлеуметтік тауар өндіретін мекемелер мен жылыту стансалары және Алматы су секілді маңызды нысандарды қорғады.

Тарон Качарян, Армения бітімгер күштерінің жетекшісі: 
Бұл операция біз үшін үлкен тәжірибе болды. Екіншіден біз бауырлас қазақ халқына әрдайым көмектесуге дайынбыз. 

Ал бауырлас Қырғыз елінің әскерилері өз көліктерімен, автожол арқылы қайтты. Арнайы «Шаян» жасағы қаладағы ең үлкен жылу электр стансасын күзеткен еді.

Талантбек Калибов, қырғыз бітімгер күштерінің жетекшісі: 
Жергілікті тұрғындар бізді жылы қабылдады. Өте көп жақсы сөздер естідік. Бұл әрине бізді қуантады. Қырғыз контингенті де бауырлас елге барынша көмек көрсетуге тырысты. Жұмысымыз сәтті аяқталды деп ойлаймын. Қазақ еліне тек бейбітшілік пен өркендеу тілейміз.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы штабының мәліметіне сәйкес бітімгерлер он тоғызыншы қаңтарға дейін кезек-кезегімен толықтай елден шығады. Ұшақтармен 100-ге жуық рейс жасалмақ. Жалпы Қазақстанға 5 елден 2 мыңнан аса әскери мен 250-ден аса техника келген болатын.

Шерхан Жамбылұлы 


Хабарламаларға жазылу