Тәртіп сақшылары тәулік бойы күзетте - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәртіп сақшылары тәулік бойы күзетте

14.01.2022

Төтенше жағдай кезінде негізгі ауыртпалық күш құрылымдарының иығына түсті. Бүлікшілердің бетін қайтарып, күндіз-түні ел тыныштығын күзеткен сарбаздардың аман- есен отбасына оралуын жақындары да асыға күтуде.

Жеті жастағы Аяжан ашық аспан мен отбасының суретін салғанды ұнатады. Он шақты күннен бері үй көрмей, қызметте жүрген әкесінің отбасына тезірек оралғанын қалайды.

Аяжан Темірғали, оқушы:

Менің әкем – полицей. Ол күні-түні жұмыста жүреді. Ол халықты қылмыскерлерден қорғайды. Мен әкемді мақтан тұтамын.

Арман Ишпанов он бес жылдан бері Шаған полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді. Қатардағы қызметкер ел күзетінде тұрғанда, ұл-қызы аталарының қасында алаңсыз ойнап жүр.

Темірғали Ишпанов,  зейнеткер:

Балам – полиция капитаны. Күні-түні жұмыста осы бүліншілік басталғалы. Он шақты күн болды, үйдің бетін көрген жоқ. Үйге тек бір-екі сағатқа келіп кетеді. Ішсе тамағын ішеді, ішпесе ішпейді, қайтадан кетеді. Тек солардың амандығын тілеп отырамыз ғой енді. Еліміз тыныш болса, қайтадан бұрынғы қалпына келсе деп тілеймін. Ел аман болсын!

Өңірдегі күш құрылымдары төтенше жағдай жарияланғаннан бері тәулік бойы сапта. Күшейтілген режимде күндіз-түні қызмет атқарып жатыр. Бес блокбекет пен барлық стратегиялық нысандар күзетке алынған. Ауысыммен әкімдікте және 21-ші мектепте қонып, аяқ суытып алады. Еріктілер ыстық тамақ пен керек-жарағын жеткізіп жатыр.

Қадыржан Сағын, облыстық Полиция департаменті кадр саясаты басқармасының бастығы:

Полиция департаментінің 1000-нан аса қызметкері және Ұлттық Ұланның 150-ден астам әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті орнатуда. ҚР Президенті сөйлеген сөзінде Ішкі істер министрлігінің арнайы жасағының санын арттыру және олардың жалақысын өсіру туралы тапсырма берді. Бұл ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысына үлкен серпін береді деп ойлаймын.

Алдыңғы шептегі тәртіп сақшыларының отбасылық, әлеуметтік жағдайы бұдан кейін де мемлекет қамқорлығында болмақ. Елдің қауіпсіздігін қадағалап жүрген билік өкілдеріне тиісті құрмет көрсетілуі тиіс, деді Мемлекет басшысы.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу