Еліміздегі жұмыссыз жастардың саны 77 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі жұмыссыз жастардың саны 77 мыңнан асты

13.01.2022

Еліміздегі жұмыссыз жастардың саны 77 мыңнан асты. Жұмыссыздық мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында Үкіметке «Жастар-іс тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін ұзартуды , әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы жастардың іскерлік бастамаларын қолдауды тапсырды. Демографиялық өсім жоғары Түркістан облысында жастарды жұмыспен қамтуға не кедергі? Айнұр Ақбаева зерделеп көрді.

Еламан Қалман жоғарғы оқу орнын осыдан 3 жыл бұрын филология мамандығы бойынша бітірген. Алайда өз кәсібі бойынша жұмысқа орналаса алмапты. Мектептердің табалдырығын тоздырған ол «қай жерге барсам да жұмыс өтілімді сұрайды» деп налиды.

Еламан Қалман, қала тұрғыны: 
Мен жоғарғы білімім бола тұра, ресторанда даяшы, құрылысшы болып жұмыс істей алмаймын. Жоғарғы білімім болғандықта мен кәсібім бойынша жұмыс істеуім керек. Қазір оператормын. Оңтүстік өңірде үлкен кісілер былай тұрсын, мамандығы бар жастардың өзіне жұмыс табу өте қиын.

Түркістандағы жастар ресурстық орталығына Еламан секілді жұмыс іздеп жүрген жастар күнделікті көмек сұрап келеді. Орталықтағылар оларды түрлі мекемелерге бағыттап, кеңес берумен ғана шектеледі. Жастардың проблемасымен жіті таныс мамандар мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қарастырылып, ауыл жастарына гарантсыз әрі төмен пайызбен несие берілсе дейді. Әрі жастар практикасын бір жылға созса, жұмыссыздық азаяды деген үмітте.

Сұлтан Азат, облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:
Жастар мысалы, алты ай істеп, алты айдан кейін шығып кетіп жатады. Ал, енді бір жылға созса, бір жыл сол жерден дағдыланып үйренеді. Одан сол жерде қалып кетуге мүмкіндік алады. 

Ал, әлеуметтанушылар болса оңтүстіктегі жұмысыздықтың бірнеше себебін алға тартады. Біріншіден халықтың басым бөлігі мерзімдік ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысады. Екіншіден, өңірде елді тұрақты жұмыспен қамтитын ірі өндіріс орындары жоқ. Үшіншіден жастардың дені техникалық саланы емес, гуманитарлық бағытты таңдайды. Сұраныс болмаған соң, дипломды қалтаға салып, жұмыссыздар қатарын көбейтеді.

Айдарбек Әмірбек,   әлеуметтанушы:
Біздің Түркістан облысында ірі кәсіпорындар өте аз болып тұр. Негізі мемлекет өз қолдауына алып, көптеп ашатын болса, бұл жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір себебі болар еді. Екіншіден жас буын өкілдерінің көбісі кәсіппен айналысып жатыр. Ол кәсіпті аяққа тұрғызу керек, алдыға жылжыту керек, ал оған тікелей қаржы керек. Мемлекет осы саланы қолға алып, кәсіп ашқан жастарға қаржылай көмек беретін болса нұр үстіне нұр болар еді.

Түркістан облысында бүгінде 2 млн-нан аса тұрғын бар. Жұмыссыз халық саны 5 %-ды құрайды. Президент тапсырмасынан кейін аймақтағы күрделі мәселені шешу үшін 26 мың тұрғын еңбекпен қамтылатын болды. Ол үшін алдағы үш жылда 169 инвестициялық жобасы жүзеге аспақ.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу