Ерлан Қарин: Мемлекеттің тұтастығын қорғап қалдық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлан Қарин: Мемлекеттің тұтастығын қорғап қалдық

10.01.2022

Мемлекеттік органдарды басып алу, қару-жарақты иемдену секілді бүлікшіл іс-қимылдар барлық аймақтарда жоспарлы жүргізілді. Оның бәрін бір мезетте іске асыру оңай шаруа емес. Нақты бір жоспар болған. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында осылай деді.

Бір күнде бірнеше қалада бүлік шығарып, маңызды мемлекеттік мекемелерді басып алу, топ болып топтасып қарулы шабуыл жасау - жоспарлы әрекеттің белгісі. Алқымнан алып арандатқан терроршылардың іс-қиымылын «жаппай тәртіпсіздік деп» атай салу тым жеңіл айып. Олар «мемлекеттің тұтастығын» бұзбақ болды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Бүлікшілік әрекеттерді «жаппай тәртіпсіздік» санатына жатқызуға болмайды. Бұл іске қатысты ойымды тек мемлекеттің ресми өкілі ретінде ғана емес, өзім жалпы терроризм мәселесін 20 жылға жуық уақыт зерттеп, бірнеше кітап жазғандықтан сарапшы ретінде айта аламын. Оның өзінде бірнеше қылмыстық топтың қалаларға шабуыл жасап, мақсатты түрде коммуникациялар мен мекемелерді басып алуға әдейі ұмтылғанын бұдан бұрын көріп, естіген жоқпын. Бұны терроризмнің жаңа құбылысы деп атауға болады. Арнайы құрылымдар мен құқық қорғаушылар енді бұндай сценарийге де дайын болуы керек.

Лаңкестік топтардың әр қадамынан, әр әрекетінен бір нақты жоспар болғанын анық аңғаруға болады. Елдегі жағдайды тұрақсыздандыру бойынша мақсатты әрекеттер жасалды, дейді Мемлекеттік хатшы.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Бірнеше өңірде бірдей сценарий өрбіді. Мемлекеттік органдарды басып алу, қару-жарақты иемдену секілді бүлікшіл іс-қимылдар барлық аймақтарда жоспарлы жүргізілді. Оның бәрін бір мезетте жүргізу оңай шаруа емес. Нақты бір жоспар болған. Байланыс құралдарына шабуыл, жолдардың жабылуы, инфрақұрылымдық нысандардың жұмысын тежеудің бәрі алдын-ала есептелген.

Тек Алматының өзін лаңкестерден қорғау үшін құқық қорғау органдарының қанша сарбазы жұмылдырылды. Оның нешеуі жазықсыз қаза тапты. Ғимараттар қирап, көлік өртеніп, қарапайым халықтың мазасы кетті. Сондықтан оқиғаға нақты баға берілуі керек. Маңызы түсіндірілуі керек.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Біз ел ішіндегі тәртіпті қалпына келтірдік десек бұл аздық етеді. Бұл мәлімдеме бастан өткен жағдайдың қаншалықты ауыр екенін толық мазмұндай алмайды. Негізі біз мемлекеттің тұтастығын қорғап қалдық. Тек тәртіпті орнату үшін жасалған жоқ жұмыстың бәрі. Барлығы мемлекетіміздің қауіпсіздігі, біртұтастығы үшін.

Қаралы қаңтардағы қайғылы оқиға қабырғамызды қайыстырғанымен, елді қорғауға бағытталған шаралар арқасында біз мемлекеттілігімізді, егемендігімізді аман сақтап қала алдық деп қорытындылады Мемлекеттік хатшы.

Жұрағат Баман


Хабарламаларға жазылу