Түркі дүниесінің медиа форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркі дүниесінің медиа форумы өтті

24.03.2014
Түркі дүниесінің медиа форумы өтті
Түркі тектес мемлекеттер ақпарат саласындағы ынтымақтастықты арттыру қажет. Себебі БАҚ - қоғамның қозғаушы күші. Әрбір түркі мемлекеті бір бірінде болып жатқан соңғы жаңалықтардан дереу құлағдар болуы тиіс. Бұл туралы Түркияның Ескішехир қаласында өтіп жатқан медиа форумда айтылды. Басқосуға түркі елдерінен 350 журналист қатысты.
 
Түркі дүниесінің медиа саласындағы қарым-қатынасы көңіл көншітпейді. Сондықтан тез арада байланысты нығайту қажет. Түбі бір түркі елдері батыс мемлекеттері ойлап тапқан бағдарламалардың көшірмесін түсіре бермей, ортақ жобалар әзірлеуі тиіс. Оған қазір толық мүмкіндік бар. Алдымен әрбір елдің мемлекеттік телеарналары арасында келісімшарт жасалуы тиіс.
 
Әли Доған, «ТРТ» мемлекеттік телеарнасының редакторы (Түркия):
Біз бұл бастаманы осыдан 1,5 жыл бұрын қолға алдық. Алдымен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасымен келісімшарт жасасып, осы уақытқа дейін кадр алмасып, біраз шаруа атқардық. Нәтижелі бола бастағаннан кейін Қырғыз және Әзірбайжан телеарналарына да шықтық. Мемлекеттік телеарналардың санын әлі де арттырамыз. Бір бірімізге білгенімізді үйретсек, біз бүгінгі көтерілген мәселені оңай шешеміз.
 
Форум барысында Түріксой ұйымы тағайындаған түркі дүниесіне еңбегі сіңген бірқатар журналистер марапатталды. Қазақстан атынан бұл сыйлыққа «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшидин Паттеев пен белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин лайық деп танылды.
 
Шәмшидин Паттеев, «Түркістан» газетінің бас редакторы:
Біздің газетіміз түркі дүниесі туралы, түркі мәдениеті туралы, түркі халықтарының өмірі туралы талайдан бері үлкен үлес қосып жазып келе жатыр. Соның бір себебі ретінде осы сыйлықты біздің газетке берді деп ойлаймын.
 
Жиында сондай-ақ әрбір ел көпшілікті өз жерінде шығатын басылымдармен таныстырды. Түріксой ұйымы артынан арнайы фотокөрмеде өткізді.
 
 
Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу