Наурыз әлемде қалай тойланады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз әлемде қалай тойланады?

19.03.2014
Наурыз әлемде қалай тойланады?
Наурыз – көне мейрам. Бұл мереке парсы, кавказ және түркі халықтарының арасында көктем мейрамы және Жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда, Өзбекстан мен Түркияда - 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде - 22 наурызда аталып өтеді.
 
Парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Оларда бұл күндері отқа май құю, жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжау, жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже ұсыну, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою - Күн символын салып, үйдегі тіреу ағашқа гүл ілу дәстүрлері орындалады.
 
Ежелгі түркілер Ұлыс күні қарсаңында алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні – алтын теңге жамбы атып жарысатын болған. Егер кімде-кім бірінші болып, жамбыны атып түсірсе, сол адамға бір күн патша болып, ел билеу еркі берілетін болған.
 
Осы күні гректердің патшасы да, бір күн алтын тағынан түсіп, қол астындағы өзіне ұнаған құлына ел басқартқызған.
 
Қазіргі кезде де  Түркияда Наурыз кең көлемде аталып өтеді. Бүл күні көшелердегі саябақтарда от жағылып, адамдар лапылдаған жалынның үстінен секіреді. Оттың үстінен секірген уақытта адам бойындағы жаман энергиядан, ауру-сырқаудан арылады деп сенген.
 
Өзбекстанда бұл мереке 13 күн бойы тойланады. Олар 13 күн бойы істеген игілікті ісі айдан-айға ұласып, жыл бойы жалғасады деп сенеді. Мерекенің алғашқы күндері түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Ал тоқтықтың белгісі ретінде мейрам күндері әрбір үйдің дастарханына «сумалак» асы қойылады.
 
Әзірбайжандықтар Наурыз мерекесін «Новруз байрам» деп атайды. Наурыз мейрамын көктемді тойлаудың ең ежелгі және құрметті мейрамы деп түсінетін ел халқы оны табиғаттың жандануының белгісі деп қабылдайды. Әрбір үйде үстел үстінде міндетті түрде бидай тұқымынан  өсірілген жасыл өскіндер қойылады.
 
Тәжіктер Наурызды достықтың кілті және тіршіліктің оянуы деп санайды. Оны «Хадир айиам», яғни, «үлкен мереке» деп атайды.
 
Наурыз – Ауғанстан тарихы мен мәдениетінде тамыры тереңге кеткен мереке. Аталмыш мейрам осы елдің әдебиеті мен өнерінен, фольклоры мен отбасылық және қоғамдық рәсімдерін құрметтеудің нышаны саналды.
 
Зерттеуші ғалымдардың пікірінше , ирандықтар үшін Наурыз ежелгі салтпен, мифологиямен байланысты болып келеді. Олар Наурызды көктемнің алғашқы күні деп біліп, оның келуін символикалық рәсіммен тойлайды.
 
Қырғыз елі жылдың алғашқы күнінде «нооруз кёджё», «ауз кёджё», «кавут» ұлттық тағамдарын дайындап, Жаңа жылда бір-бірін көтеріңкі көңіл-күймен құттықтайды. Бұл күні алыс-жақын туыстар кең жайылған дастархан басында жиналып, бір-біріне ізгі тілектер айтады.

Хабарламаларға жазылу