Наурыз мерекесі қалай тойлануы керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз мерекесі қалай тойлануы керек?

12.02.2024

Күн мен Түн теңелетін, қыс бойы қар құрсауында болған тіршілік оянып, жер мен көк жаңаратын мезгілі де жақындап қалды. Жыл сайын елімізде Наурыз мерекесі қалай тойланып жүр? Тарихшылар мен этнографтар, ақын-жазушылар Наурыз мейрамын атап өтудің қазіргі үлгісі оның бұрынғы мағынасынан алшақ екенін айтады. «Кенжелеп қалған көне дәстүрлеріміз қазақтың жаңа жылымен бірге жаңаруы керек», - дейді олар.

Қасымхан Бегманов, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

Міржақыптың айтқан сөзі бар. Қазақтың жалғыз керемет мерекесі бар. Ол Наурыз мерекесі дейді. Наурыз мерекесінің ертеңі керемет болады. Бұны жаңғыртуымыз керек. Мен ұсынғым келеді күбі пісіру дегенді. Осындай түрлі жарыстар ұйымдастыруымыз керек. Ата-бабалардан қалған қару-жарақ, олардың түр-түрін насихаттап, оны батырларымызға кигізіп, ер тұрмандар, қамшы, үкі тағып көрсету. Наурызды бір күн немесе бір түн кезекті той емес, айлап өткізуіміз керек.

Марат Тоқашбаев, этнограф:

Біздегі басты мереке - Наурыз. 7 мың жылдан бері тойланып келе жатқан ең ұлық мереке. Ең алғашқы жылдарда кіріп келе жатқан жылға байланысты айдаһар жылы болса сол айдаһардың мүсінін жасап, сонымен көшелерден жүріп өткен дәстүрлер болатын.

Ғалым Қалибекұлы, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

Басқа елдердің ұлттық мерекесіне көңіл бөлсек мемлекеттік деңгейде тойлайды. Біздің наурызымыз ауыл көлемінен аспай жатыр. Осы наурызды қалай өткіземіз деген әлі ойлану үстіндеміз. Тек жазушылармен өте ме, көшеде жүрген халықты қосамыз ба соны әлі ойлап жүрміз. Сондықтан халықтық деңгейде өтуі керек.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу