Үкімет: Ревакцинацияны күшейту тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет: Ревакцинацияны күшейту тапсырылды

28.12.2021

Елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен, босаңсуға болмайды. Өйткені әлемде «Омикрон» штамы жылдам тарауда. Сол себепті ревакцинацияны күшейту керек. Бұл туралы бүгін Үкіметте Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев мәлімдеді. Толығырақ тікелей эфирге қосылған әріптесім Берік Көшербай айтсын. Берік, қазір Қазақстанда қанша адам екпе алды?

Берік Көшербай, тілші:

Қазақстанда короновирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 9 миллионнан астам адам алды. Бұл егілуге тиіс 18 жастан асқан тұрғындардың 80 пайызына жуығы. Ал екінші компонентті шамамен 8,5 миллион адам салдыртқан. Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаевтың мәліметінше, вакцина салудың тиімділігі дәлелденіп отыр. Сырқаттанғандардың 95 пайызы және өкпені жасанды жолмен желдету аппаратында жатқан науқастардың 96 пайызы - екпе алмаған адамдар, деді ол өз баяндамасында. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен, әлемдегі ахуал алаңдатарлық. Соңғы екі аптада Еуропаның 18 елінде қауіпті індетті жұқтырғандар саны айтарлықтай артқан. Оның үстіне «Омикрон» штамы тез тарап жатыр. Мысалы, қарашада қатерлі вирус 16 елден табылса, бүгінде әлемнің 110 елінен анықталған. Болжам бойынша, бірнеше ай ішінде «Омикрон» бүкіл әлемге тарайды. Сондықтан, Үкімет отырысында елімізде екпе салу, ревацинация жасау жұмысын күшейту қажеттілігі айтылды. Келер жылдың бірінші жартысында, шамамен, 9 млн адам ревакциналаудан өтуі тиіс.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу