Атом электр станциясын Алматы облысында салу қолайлы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атом электр станциясын Алматы облысында салу қолайлы

22.12.2021

Атом электр станциясын Алматы облысында салу қолайлы. Өңірдегі Үлкен ауылында құрылыс жүргізуге барлық мүмкіндік бар. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты. Сала министрі болса нақты шешім қабылданбағанын, халықаралық тәжірибе зерттеліп жатқанын жеткізді. Бірақ, энергия тұтыну тұрғысында атом электр станциясына балама жоқтығын да жасырмады. Тапшылықтың орнын сол ғана толтыра алады,-деп санайды Мағзұм Мырзағалиев. 

Көмірден күдер үзетін күн де таяп келеді. Әлем соған бетбұрыс жасады. Бірте-бірте баламалы қуат көзіне көшпеске амал қалдырмайды. Бірақ, бізде су шығыс пен оңтүстікте ғана мол. Сол өңірлерде 2,5 МВТ болатын су электр станциясы салынады. Ал, желден энергия алу ауа райына байланысты. Газды тұтынайық десе, оның қоры аз. Саралай келе сала министрі АЭС салуды тиімді санайды.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрі:

АЭС салу мәселесі де өте керек деп қарастырылып жатыр. Неге десеңіздер? Оған үлкен алтернатива жоқ. Қазір әлемнің тенденциялары бойынша енді көмір станциялары салынбайды. Оған халықаралық қаржы да берілмейді.

АЭС салуға Алматы облысындағы Үлкен ауылы қолайлы. «Самұрық Қазына» қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев осылай ойлайды. Себебі, онда қуат қорын сақтау мүмкіндігі бар. Солтүстік-оңтүстік электр энергиясының транзитін Орталық Қазақстанға бөлуге ыңғайлы. Жалпы, жер-жиһанда 200-ден аса атом электр станциясы салынған. Бүгінде Франция, Ресей және Қытай ұсыныстарын жолдап жатыр. Ол зерттелуде. Сондықтан қол қусырып қарап отырмай баламалы энергияны өндіру керек. Әзірге энергия өндірісінде көмір генерациясының үлесі өте көп, 70%. Ал, жаңартылатын қуат бар-жоғы 3,3%. Осы бағытта ЭКСПО өткенімен жұмыс енді жанданып келеді.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

Облысымызда жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша күн, жел, су электр станцияларын орнату әлеуеттерін нақтылап, 2030 жылға дейінгі болжам картасы әзірленді. Жоспарға сәйкес 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 32 нысанға жеткізіліп, қуаты 1 млрд 151 мегават құрайды.

Бір жақтан тоқты өндіруге тырысып жатса, басқалары тонап жатыр. Көлеңкелі майнинг фермалар қаптағалы энергиядан тапшылық басталды. Сондай заңсыздықтар анықталып, 145 МВТ өшірілген. Не дегенмен Асқар Мамин отын-энергетика кешенінің қуатын жедел жаңғыртуды тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Қазақстанның энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жедел жаңғырту және отын-энергетикалық кешеннің жаңа қуаттарын салу қажет.

Енді 9 жылдан кейін мұнай өндіру 104 млн тоннадан асады. Қазір 86 млн тоннаға жуық. Қара алтын қарқыны артқанымен шығыс пен солтүстік жұрты газсыз отыр. Көгілдір отын тұтынатын бүгінде 10 млн.нан аса адам болса, 2030 жылға қарай тағы 3 млн тұрғын газбен қамтылады деген жоспар бар.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу