Алматы әкімі туризм нысандарын аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы әкімі туризм нысандарын аралады

20.12.2021

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев экотуризмді дамыту шарасы аясында құрылған жаңа орталықтардың жұмысымен танысты.Тәуелсіздік мерекесінде мегаполисте бірнеше нысан пайдалануға берілді. Мұның барлығы шаһарға келетін туристердің санын артырып, оларға мейлінше қолайлы жағдай жасау дейді қала басшылығы.

Мереке күні ашылған «Медеу» визит орталығы таза ауада демалушылар үшін таптырмас орын. Мұнда туристер тауда жүру бағыттарынан бастап «Іле-Алатау» ұлттық паркі туралы барлық қажетті ақпаратты алуына болады.

Милена Садықова, «Медеу-Визит» орталығының директоры:

Өздеріңіз жақсы білесіздер таулы жерде ауа райы құбылмалы. Сондықтан саяхатшылардың осы жерден жылы жамылғылар мен қолшатырлар, сондай-ақ, сусындар мен тағамдар алуына болады. Киім ауыстыратын арнайы бөлмелер де қарастырылған

Мегаполис басшысы, ұлттық тағамдар дайындайтын мейрамхана желісінің ашылуына қатысты. Мұнда ұмытылып бара жатқан ас түрлері мен қымыздың 40-тан аса түрі бар.

Руслан Берденов, кәсіпкер:

Бұл мейрамхананың жалпы біз 200-ге жуық қазақтың ескі тағамдарын қолданып жатырмыз. Біздің мақсатымыз - Қазақстанның қазақи асының жаңа форматта көрсетілуін және бүкілдүниежүзілік деңгейдегі үлкен мейрамхана болады деген ниеттеміз.

«Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплинінде ашылған спорт кешені де әлемдік тәжірибеге сай бой көтерді. Аумағы 6 мың шаршы метрден асатын орталық 1300-ге жуық орынға есептелген. Әлемдік ауқымды шаралар өткізуге болады. Қала басшысы бұдан бөлек, екі ай бұрын құрылысы басталған «Медеу парк отель» қонақүйінің жұмысымен танысты. Нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 90 нөмірлі қонақүй түгелдей экологиялық материалдан тұрғызылмақ.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу