Маңғыстау облысында автоматты газ тарату станциясы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында автоматты газ тарату станциясы іске қосылды

15.12.2021

Бүгін Маңғыстау облысы Құрық ауылында автоматты газ тарату станциясы іске қосылды. Соның арқасында Каспий теңізі жағасында болашақта туристік нысандар көбейе түспек. «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы сонымен қатар «Жаңаөзен-Ақтау» магистральды газ желісін «Жетібай-Құрық» газ құбырына қосу жобасын да межелі уақытынан ерте жүзеге асырды.

Жетібай-Құрық магистральді газ құбырының жалпы ұзындығы 85 шақырым. Автоматты газ тарату станциясы «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» магистральды газ құбырының 2-тармағына қосылған. Екі жобаның да құрылысы 4 айда аяқталды.

Әлібек Жұмабаев, «Интергаз орталық Азия» АҚ Ақтау магистральді газ құбыры басқармасы директорының бірінші орынбасары:

Осы автоматты газ тарату станциясының өткізу қабілеті сағатына 80 мың шаршы метрді құрайды. Ол тәулігіне ауыстырғанда миллион 900 шаршы метр газды тұтынушыларға беруге дайын. Қазіргі таңда автоматты газ тарату станциясы және магистральді газ құбыры жұмыс істеуге 100 пайыз дайын. 

Жаңа станция өңірдің табиғи газға деген сұранысын толықтай қамтамасыз ете алады. Әсіресе, болашақта ірі туристік кешендердің құрылысы жоспарланған Каспий теңізі жағалауын газдандыру үшін маңызы орасан.

Абзал Меңдібаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:

Тәуелсіздік күні мейрамы аолдында бұл шараның ашылуы өте үлкен мәнге ие. Жаңа айтқандай туристік хабты дамытуға, тәристік әлеуетті көтеруге, өңірдің жалпы өнімін өнімділігін, халыққа деген қызметті арттыруғабұның маңызы өте зор. 

Тілші: Аталған жоба- туристік бизнесті, өнеркәсіп салаларын дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді, дейді мамандар. Бастысы, Каспий жағалауының туристік аймақтарын дамыту жөніндегі мемлекеттік жобаларды іске асыруға жаңа серпін бермек.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу