Мерекелік тарту. Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев үй кезегінде тұрған отбасыларға баспана кілтін табыстады. Жыл қорытындысы бойынша 5400-ге жуық пәтер беру жоспарланған. Сондай-ақ шаһарда Оңалту орталығы мен заманауи құрылғылармен жабдықталған диагностикалық орталық ашылды.
Қала әкімі әлеуметтік нысандарды аралады
Мереке қарсаңында кезекте тұрған 211 отбасы қуанышқа кенеліп, баспаналы болып отыр. Жыл басынан бері Алматыда 3800-ге жуық мұқтаж жанұя тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның ішінде «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» және қалалық «Алматы жастары» бағдарламалары бойынша жеңілдетілген несиелер берілді.
Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:
Соңғы 4 жылдың ішінде біз қаламыз бойынша он жарым мың пәтердің кілтін осы көп балалы отбасыларға, жетім балаларға басқаларға он жарым мыңдай пәтері берілді.Оның ішінде бес мыңға жуығы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар баспаналы болды.
Тұрғын үймен қатар алып шаһарда балабақша мәселесі де өзекті. Бақытжан Сағынтаев күрделі жөндеуден өткен 315 орындық бөбекжай ғимаратын аралап көрді. Қалада жыл соңына дейін 250 орындық тағы бес жекеменшік мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарланған.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда психоневрологиялық науқастар мен аутизмі бар балаларға арналған орталық ашылды. Оңалту мекемесінде ерте қолдау, оқыту дағдыларын дамыту, диагностика кабинеттері жұмыс істейді.
Сондай-ақ шаһар басшысы №36 емхана базасында ашылған диагностикалық орталықты аралады. Мекемеге заманауи әрі озық құрылғылар әкелінген. Бүгінде Алматының денсаулық сақтау нысандары 91,5%-ға жабдықталған. Жедел медициналық жәрдем жұмысы жақсарды. 3 жаңа қосалқы станция салынды. Бригадалар саны екі есеге артты.
Жазира Оразқызы