Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін Ұлттық кеңестің бір топ мүшесі мемлекеттік наградамен марапатталды. «Бұл - Ұлттық сенім кеңесінің жұмысына берілген баға деп есептеймін», - деді марапатты табыстау рәсімінде Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин.
Ұлттық сенім кеңесі құрылған 2,5 жыл ішінде 90-ға жуық құқықтық-нормативтік акті қабылданған. Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлға «Парасат» ордені табысталды. «Құрмет» орденін алғандар қатарында Мұрат Әбенов, Саясат Нұрбек, Тәттігүл Талаева мен Қанат Сахариянов бар. Өркен Кенжебек, Асхат Садырбай мен Уайс Ерсайынұлына «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Арнамыздың жүргізушісі, журналист Нартай Аралбайұлына және Александр Данилов, Қайсар Тұрсынқожаға «Шапағат» медалі табысталды. Сондай-ақ, Президенттің Алғыс хатымен Бөріхан Нұрмұхамедов және Максим Рожин марапатталды.
Өркен Кенжебек, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
Марапат екі жағдайда беріледі деп ойлаймын, біріншісі - сіңірген еңбегі үшін. Ал біздің жасымызда беріліп жатса, ол біздің алдағы жасайтын ісімізге аванс деп ойлаймын.
Нартай Аралбайұлы, тележүргізуші, журналист:
Мен үшін бұл төсбелгі - үлкен марапат. Бұл - мемлекетшілдіктің бір белгісі. Иә, әлеуметтік желілерде, материалдарымызда біз шенеуніктердің жұмысын, олардың қате шешімдерін қатты сынаймыз. Сынап жүрген журналистерге награданың берілуі - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «естуші мемлекет» деген концепциясының жүзеге асқанының тағы бір айғағы деп білемін.