1991-жыл, 8-желтоқсан. Қазақ елі тәуелсіздігін жария етуге 8 күн қалған болатын. Осы күні Ресей президенті Борис Ельцин, Украина президенті Леонид Кравчук және Беларусь Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Станислав Шушкевич «Беловеж келісіміне» қол қойды. Олардың көздегені Кеңес Одағын таратып, Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру болатын.
8 желтоқсан бұрынғы Кеңес Одағы тарихында «Беловеж келісімі» деген атпен қалды. Славян елдері басшыларының құжатқа қол қюы тек қана Қазақстан емес, одақтас Орта Азия мемлекеттері үшін күтпеген жаңалық болды.
Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері:
«Түгел бәрімізді тыңдап, Нұрекең өзі шешімін айтты. Ылғи солай болатын. «Жоқ, біз мұны қолдамаймыз» деді. Аң-таң болдық. Аналар ылғи мықтылар, бел алып бара жатыр. Бізді құдай сақтады, Алла сақтады. Бұл кісінің шешімі өте дұрыс шешім болды. Қосылған жоқпыз. Артынан белгілі болды жағдай».
Елдің тағдыры талқыға түскен сын сағаттарда батыл әрі бірден-бір дұрыс шешім қабылдау аса маңызды еді. Қателік жасауға болмайды. Бір ғана шалыс қадам бүкіл бір мемлекеттің тағдырын шайқап жіберуі мүмкін болатын.
Қуаныш Айтаханов, Мемлекет және қоғам қайраткері, 1990-1993 жж. ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты:
«Өте үлкен қобалжу болды Жоғарғы Кеңесте. Беловежкая Пущадағы оқиғаға документ қабылдаған жоқ. Қабылдай алмады. Мен өзім жекелеген депутаттармен пікірлескенімізде біз КСРО-ның тарап, Қазақстанның өз алдына тәуелсіз мемлекет болғанын қалап отырдық».
Славян елдері басшыларының бұл жоспарынан Одақ Президенті Михаил Горбачев бейхабар еді. Ал салқынқандылық танытқан қазақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаев істің насырға шаппауына бірден күш салды.
Уәлихан Қалижанов, Мемлекет және қоғам қайраткері, ҰҒА академигі:
«Кейін естеліктерінде саясаткерлер үлкен көрегендікпен және сәл тоқтам жасап, бұл мәселені ойланып барып шешу керек екенін ойластырғанын айтып жатыр. Мен де сол ойдамын. Жалпы әліптің артын бағу деген үлкен саясаткердің негізгі міндеті деп ойлаймын».
Көп ұзамай 21-желтоқсанда Қазақстан Президентінің ұсынысымен Алматыға бұрынғы одақтас 11 республиканың басшылары жиналды. Олар жаңа келісімге қол қойды. Одақ тарады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы заңды түрде құрылды.
Дарын Сағитов