Петропавлдық коллекционер өрт сөндірушілердің каскасын жинайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлдық коллекционер өрт сөндірушілердің каскасын жинайды

08.12.2021

Петропавлда өрт сөндірушілердің каскасын жинайтын коллекционер тұрады. Болатжан Асқарбековтың топтамасында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Үндістан сынды тағы басқа шетелден әкелінген бас киімдер бар. Ал ең көне каска осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын қолданыста болған. Ерекше коллекциямен аймақтағы тілші Эльмира Кәленова танысып қайтты.

Бұл – Болатжан Асқарбековтың коллекциясында пайда болған ең алғашқы бұйым. Темір каска қалпына келтіріліп, боялған. Шамамен, бір келіден артық салмағы бар. Талай мәрте тілсіз жаумен арпалысқан өрт сөндірушіге қорған болғаны анық.

Коллекционер - өрт сөндіру қызметінің ардагері. Қатардағы жұмысшыдан бастап, төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы лауазымына дейін көтерілді. Қауіп-қатерді еңсеріп, талай жанның өмірін сақтап қалған ардегер өзінің бас киімін де экспонаттар қатарына қосқан.

Болатжан Асқарбеков, коллекционер:

Бұл - менің жеке каскам. Талай өртті сөндіруге барғанда кидім. Оған тер мен ыс сіңген. Басқа каскаларды жөндеп, тазалатсам да бұны осы қалпында сақтауды жөн санадым. Ол сонысымен де құнды. Бас киімде қалған әрбір сызат менің қызмет бабындағы күндерімнің куәсі. Коллекциямдағы ең көне каскаға 90 жыл болды. Оны қалпына келтіру үшін мамандарға тапсырдым.

Болат Асқарбеков өртсөндірушілердің каскаларынан бөлек, шеврон, медальдар мен түрлі кәдесыйларды жинайды. Зейнеткердің топтамасында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Түркия сынды тағы басқа шет елдерден әкелінген каскалар бар. Әзірге саны 20-дан асады.

Эльмира Кәленова, тілші:

Коллекционердің топтамасындағы ең ерекше бас киім - мына каска. Мыстан жасалған. Ол сонау үнді елінен әкелінген. Өрт сөндірушілер оны мерекелік шерулерге киеді.

Коллекционер бұл касканы интернет арқылы 126 АҚШ долларына сатып алған. Ол ерекше бас киімдерді негізінен тапсырыспен алдыртатынын айтады. Ал кейбірін өртсөндірушінің әріптестері мен туыстары сыйға тартқан.

Эльмира Кәленова


Петропавл коллекционер өрт сөндіруші

Хабарламаларға жазылу