1991 жыл 7 желтоқсан. Қазақ елі тәуелсіздігін жариялауға 9 күн қалған. Осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізді. Бұл - отандық экономиканың күре тамырына қайтадан қан жүгіртудің алғашқы қадамдары еді.
Бұл кезеңдерде тұтас экономикалық жүйені нарықтық қатынастарға бейімдеу үшін алыс-жақын шет елдермен байланыс орнату аса маңызды болды. Жұмыс орындарын ашып, екі қолға бір күрек тауып берудің де ұтымды қадамы осы еді.
Қуаныш Сұлтанов, мемлекет және қоғам қайраткері:
Қысқа мерзімде шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары жолға қойылды. ТМД мемлекеттері ішінде орнықты әрі көп шетел инвесторларын тартқан мемлекеттердің бірі біз болдық.
Дербес елді дағдарыстан шығарып, өзгелермен терезесі тең ету - бір күннің немесе бір айдың шаруасы емес. Дегенмен іске батыл кіріскен Президент Назарбаевтың саяси және экономикалық жобалары сәтті жүзеге аса бастады.
Ардақ Зебешев, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:
Қазақстанға жалпы көлемі 370 млрд АҚШ долларынан астам тартылған болатын, шетелдік инвестиция ретінде. Ең ірі 5 инвестор елді айтатын болсақ, олар - Нидерланды, АҚШ мемлекеті, Ресей, Франция және Қытай мемлекеттері.
Қазіргі таңда Қазақстан бұрынғы посткеңестік қана емес, әлемнің басқа да елдері арасында инвестициялық тартымдылығы жөнінен көш бастап тұр. Елімізде инвесторлардың мүдделерін қорғау мақсатында арнайы консультативтік-кеңесші органдар жұмыс істейді.
Феттах Таминдже, «Sembol Constraction» компаниясының президенті:
Қазақстанда 20 жылға уақыт еңбек етіп келеміз. Тәжірибеміз мол. «Тәуелсіздік сарайы», «Бейбітшілік пен келісім сарайы», «Хан шатыр» секілді нысандардың бой көтеруіне атсалыстық. Қазақстанда еңбек етіп, оның гүлденуіне үлес қосып жатқанымыз үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастау алған келелі істер қазір шыңдалды. Инвестицияларды тартудың 3 деңгейлі жүйесі құрылды. Шетелдік инвесторлар Кеңесі, түрлі дауларды сотқа дейін реттеу мен шешуге мүмкіндік беретін Инвестициялық омбудсмен институты жұмыс істейді.