Президент Қатар әмірімен келіссөз жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қатар әмірімен келіссөз жүргізді

14.02.2024

«Қазақстан мен Қатар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын». Қатарға мемлекеттік сапары аясында Әмірмен келіссөз жүргізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Әрі бұл елді «ислам әлеміндегі сенімді де, маңызды әріптесіміз» деп атады. Ал Қатар әмірі Әл Тәни «энергетикалық, сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды бірлесе іске асыруға мүдделі» екенін жеткізді. Келіссөз нәтижесінде осы салаларды қамтитын құжаттарға қол қойылды. Дохадан әріптесім Данияр Қайыртай толықтырады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға алғаш рет мемлекеттік сапар жасап отыр. Екі жыл бұрын Қатар экономикалық форумына қатысу үшін Дохаға жұмыс сапарымен келген еді. Әмір қолқалаған соң Президенттің жоспардағы кестесінен тыс сапар болғаны айтылған, сонда. Сол жылы шейхтің өзі Қазақстанға мемлекеттік сапармен, ал былтыр жұмыс сапарымен барып қайтқан. Бүгінгі келіссөздер елдер арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтермек.

Қатар Әмірі «Diwan Amiri» сарайында Қазақстан Президентін салтанатты түрде қарсы алды. Рәсім кезінде құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Кейін екі елдің әнұраны шырқалды.

Бұдан соң тараптар, протоколға сай, ресми делегация мүшелерін бір-біріне таныстырды да келіссөз залына бастап барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қатар – ислам әлеміндегі біздің сенімді әрі маңызды әріптесіміз. Қазақстан мен Қатар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын.

Мемлекет басшысы Қатарды жақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді. ГРАФИКА: Қазақстан Қатар нарығына құны 250 миллион доллар болатын 60 түрлі шикізаттық емес тауардың экспортын ұлғайтуға бейіл. Әрі жуық арада сауда-саттық көлемін 500 миллион долларға дейін арттыру көзделіп отыр.

Тәмим бен Хамад әл Тәни, Қатар әмірі:

Бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы қарым-қатынастарды еселей түсетініне сенемін. Біз энергетикалық, сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз.

Президент Қ.Тоқаев Қатар тарабын Парсы шығанағы мен Орталық Азияны жалғайтын көлік желісін бірлесіп дамытуға үндеді. Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға да мүдделі. Бидай мен ұн өндірісі бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіретініміз Қатарды да қызықтырып отыр. Келіссөзден соң екі ел делегация мүшелері 9 түрлі құжатқа қол қойды.

Санжар Жәркешов, «QAZAQGAZ» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

Газ саласына қатысты жалпы 4 құжатқа қол қойдық. Қатар салаға 11 млрд долларлық инвестиция құятын болды. Соның бірі Қашаған кен орнында екі газ өңдеу зауытының құрылысына байланысты.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ҚАТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК СИМВОЛЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Президентке Қатардың негізін қалаған Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы табысталды. Бұл – осы елдің ең жоғары мемлекеттік символы. Оны Қатар мен бүкіл адамзаттың дамуына қосқан үлесі үшін бұған дейін 3-ақ елдің көшбасшысы алған. Сондықтан мұны Қазақстан президентіне деген айрықша ықыластың нышаны деуге болады.

Арман Исағалиев, Қазақстанның Қатар мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі:

Қатар тарапынан да Қазақстанға үлкен қызығушылық бар. Өйткені Қазақстан ОА экономикасының 60 пайызын құрайтын қойнауы бай мемлекет.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАТАР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Резиденциядағы келіссөзден кейін Мемлекет басшысы Қатардың премьерімен кездесті. Президент екі ел үкіметтері сауда-саттық қарқынын арттыруға күш жұмылдыруы керек деп есептейтінін айтты. Әрі Қатар компанияларын елдегі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға үндеді.


Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу