Тәуелсіздік жылдарында Сарыағашта оннан астам ауыл пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік жылдарында Сарыағашта оннан астам ауыл пайда болды

03.12.2021

Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің қарыштап дамуының арқасында Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданында оннан астам жаңа ауыл пайда болды. Демографиялық өсімнің арқасында отыз жылда аймақтағы халық саны екі есеге жуық өсті. Сондай-ақ саялы мекен атажұртқа көшіп келген қандастарымыздың да құтты қонысына айналды. Бір кездері мидай жазыққа жайғасқан ауылдар бүгінде көркейіп, ажарланып келеді.

Тынымсыз қарекеттің арқасында күзгі егісін әрең жинап біткен Сейітхан Мәулітұлы енді жүзімі мен жеміс ағаштарының күтіміне кірісіп кетті. Қар түспей жатып, артық бұтақтарын кесіп, қымтап, суық ұрып кетпейтін жағдай жасау керек.
Сейітхан Мәулітұлы,  Атамекен ауылының тұрғыны: 
Жазымен құлпынай, бұрыш, қырыққабат егемін. Қазір енді бауларым бар.  Бала-шаға қамы үшін соны реттеп жатырмын.
Шымкент пен Ташкент бағытындағы күре жолдың бойына жайғасқан Атамекен ауылының негізгі тіршілігі осы. Егін мен бау. Жылыжай. Еліміз Тәуелсіздік алар тұста бар-жоғы 20 үй қоныстанған ауылда қазір 250-ден астам отбасы тіршілік етеді. Елдімекеннің аты айтып тұрғандай барлығы да бір кездері Өзбекстаннан қоныс аударған қандастар. Ауылға жуырда жаңа мектеп пен балабақша салынды. Биыл өзге де мәселелер шешілуде.
Лесбек Сақтағанов,   Атамекен ауылының тұрғыны: 
Әсіресе 2021 жыл біздің ауылға құт-береке әкелген жыл болды. Газ келіп жатыр. Асфальт салынды, ауызсумен қамтамасыз етіліп жатыр. Түнде жарық жанып тұрады. Сырттан өтіп бара жатқандар қандай ауыл екен деп тамсанып қарайды. Әлі де көшіп келеміз дегендер көп.
Тұрмысы тіктеліп, ажарлана түскен ауылдардың қатарында «Дастан» да бар. Кезінде Ауғанстан, онан әрі Иран асқан қандастарымыз осыдан 20 жыл бұрын елге қосылып, бүгінде берекелі тіршілік етіп келеді.
Нұрмұханбет Сырым, Дастан ауылының тұрғыны: 
 Мектепті салып берді. Балаларымыз оқып жатыр. Өніп-өсіп жатыр. 
Жері құнарлы, халқы еңбекқор Сарыағашта демографиялық өсім де аса жоғары. Оқу саны жыл сайын 4-5 мыңға өседі. Биыл ел Үкіметінің қаулысымен шекара шебіндегі Бағыс пен Хиобан ауылдары да Сарыағаштың құрамына енді. Осындай өсімнің арқасында соңғы үш жылдың өзінде аймақ тұрғандары 30 мыңға көбейіп, бүгінде 215 мыңға жетіп отыр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу