Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 1 млн-нан астам этникалық қазақ қоныс аударды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 1 млн-нан астам этникалық қазақ қоныс аударды

18.02.2021

Ал тек осы жылдың басынан бері 800-ден астам адам Отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл – елдің демографиясына да, экономикасына да оң әсер етуде. Дүние жүзінен келген қандарстар бүгінде түрлі салада тер төгіп, ел дамуына үлес қосып жатқаны соның айғағы.

Бұлар жат жұрттан ата жұртқа келіп, қажырлы еңбектерімен Қазақ елін әлемге әйгілеп жүрген қандастар.

Ал, Ермұрат танымал тұлға болмаса да, табысты бизнесмен. 1992 жылы алғашқы ұлы көшпен Монғолиядан қайтқан қазақ. Ешкімге қол жаймады, еңбек етті, кәсібін дөңгелетті. Қазір елордадағы 8 мейрамхананың егесі.

Ермұрат Байтемір, кәсіпкер:
Пандемияға дейін табыс жақсы болды. 15-20 млн-ға дейін түсіп тұрды. Салық төлеймін 11 процент.

Ермұрат Отанға оралғанда жас еді, жалғыз еді. Қазір, 5 баланың әкесі. Елдің экономикасымен қатар демографиясына да үлес қосып отыр. Жалпы, Тәуелсіздік алғалы бері 1 млн-нан астам этникалық қазақ атамекенге оралды. 30 жылда бұл санның өскені сөзсіз.

Досан Баймолда, Қазақстанның ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі:
Бұлар таза қазақи тілдерін алып келіп жатыр. Ешқандай ассимиляцияға ұшырамаған тілді әкеліп жатыр. Ұмытылып бара жатқан Қазақстанда өкінішке орай қазақтың салт-дәстүрін әкеліп жатыр. Қазақтың сұйылып кеткен қанын қоюлатып жатыр деуге болады.

Әрі олар түрлі саланың білікті маманы екенін нақты іспен дәлелдеп берді. Айта кетейік, жыл сайын шамамен 15 мыңдай қазақ Отанға оралады.

Әзімбай Ғали, демограф:
Әрбір келген азаматтың өзінің еңбектік, өндірістік инновацияларымен келеді. Жаңалықтарымен келеді. Бәрібір де қазақтың этнос ретінде, мемлекет ретінде күшеюіне әсер етеді. Бұл қазақ мемлекетін, ұлтын мәңгілік жасауға бір-ақ қана сара жол.

Ұлы көш әлі жалғасуда. Қиырда жүрген қазақты елге қайтару бағытында Үкімет қолдан келген көмекті жасап жатыр. Енді Отанына оралған қандастар небәрі 3 айда азаматтық алады. Бұл құжаттан қиындық көріп жүргендерге едәуір көмек.

Тимур Қошымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, көші-қон комитетінің бас сарапшысы:
Екінші тоқсаннан бастап қандастарға тиісті мемлекеттік қызметтер жүзеге асырылуда. Соған сай, қандастарымыз бір-ақ, рет құжат тапсырады. Соның ішінте тұрақты тұру рұқсатнама алады, өңірлік квотаға енгізіледі,сосын қандас куәлігін алады және азаматтық алады. Осы процестерге 94 күн уақыт кетеді.

Бұдан бөлек, биылдан бастап қандастарды қабылдаудың өңірлік бағдарламасы қабылданды. Квотаға сай, жылда 1426 адам Солтүстікке қоныс аударып, оларға барлық жағдайы жасалмақ. Және осы айдан бастап төлқұжатында ұлты «қазақ» деп жазылған қандастар мемлекеттік шекарадан еш кедергісіз өте алады. Айтпақшы, осы ақпаратты берген министрліктің сарапшысы да қандасымыз. Екі жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келіп қазір мемлекеттік қызметте тер төгіп, ел дамуына үлес қосып жүр.

Армангүл Тоқтамұрат


Хабарламаларға жазылу