Ұлттық қауіпсіздік комитеті шығарған 2 кітаптың тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шығарған 2 кітаптың тұсаукесері өтті

29.11.2021

«Отандық арнаулы қызметтің хроникалары». «Мемлекеттік шекара». Бүгін еліміздің барлық өңірінде осындай атаумен екі кітаптың тұсаукесері өтті. Жаңа басылымда Ұлттық қауіпсіздік пен шекараны қорғауға жауапты адамдардың қызметі туралы баяндалады. Тарихи очерктер бірегей құжат және фотосуреттермен көркемделген.

Ғибрат Мүслім - ел шебін күзету кезінде шиеленіске толы жағдайды басынан кешірген батыл жігіттің бірі. Ол 3 жыл бұрын Атырау облысында мемлекеттік шекарадан заңсыз өтпек болған азаматты ұстап алған. Қылмыскер оны пышақпен жаралағанына қарамастан өзінің кәсіби біліктілін көрсете білген.

Ғибрат Мүслім, шекарашы:

Мен ол азаматты жерге құлатып, қолына кісен тағып жатқан кезде қан ағып жатқанын көрдім. Қарап едім, бүйрегімнен жаралапты.

«Мемлекеттік шекара» деген кітапта осындай шекарашылар туралы жазылған. Ал екінші кітап отандық арнаулы қызмет өткізген, бүгінде құпиялылығы алынған операциялар туралы. Тарихи очерктерде нақты фактілер, сол оқиғаларға қатысқан адамдардың сөзі, эмоциясы мазмұндалған.

Кенжеболат Бекназаров, «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің алдында көп мақсат бар. Ол елді қорғау, елдің тыныштығын қорғау, ел қауіпсіздігі. 30 жылдың ішінде көп операция өтті. Бұл кітап жай жазылған жоқ. Сол операцияларға қатысқан қызметкерлердің естелігі бар. Олар өздері айтып береді, операция қалай өткенін. Кітап оқырман үшін қызық болады деп ойлаймын.

Алматы 

Кітаптарды қазақ, орыс және ағылшын тілінде шықты. Бүгін барлық өңірде басылымдардың ресми түрде тұсаукесері өтті. Қызметте жүріп елдің тыныштығын, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкес қосқан азаматтар мен олардың жақындарына құрмет көрсетілді.

Нұрлан Ақыпбеков, әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан сарбаздың әкесі:

Түркімен браконьерін ұстау кезінде ерлікпен қаза тауып, «Айбын» орденімен марапатталды. Ел үшін, жер үшін құрбан болған баламды құрметтеп жатқанына мың да бір рақмет. Еліміз аман болсын.

Солтүстік Қазақстан

Нұрлан Мүсетаев, ҰҚК СҚО бойынша департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Бұл кітаптағы көптеген деректер – документтерден алынған оқиғалар. Бұл келешекте жас ұрпақа тәрбиелік маңызы зор шығарма болмақшы. Қызметке жаңа келіп жатқан жас буын қызметкерлерге методикалық-әдістемелік құрал ретінде пайдалануға болатын шығарма.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шыққан жаңа басылымдар бүгіннен бастап кітап дүкендерінде сатыла бастайды. Сондай-ақ, электронды нұсқаларын интернет платформадан алуға болады. Кітапқа еңген әңгіме мен очерктер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтына да салынды.

Берік Көшербаев 

Хабарламаларға жазылу