Сталинград шайқасының ардагері - 90 жаста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сталинград шайқасының ардагері - 90 жаста

04.03.2014
Сталинград шайқасының ардагері - 90 жаста
Сталинград шайқасының қатысушысы, қан майданда ерлік көрсеткен ардагер Софья Аркадьевна Румянцева 90 жасқа толды. Аласапыран соғыста ер-азаматпен бірге ел қорғаған батыр жанды торқалы тойымен бүгін көзі тірі майдандастары мен қала белсенділері құттықтады.
 
Қариялар  қырқыншы жылдардың қиын-қыстау кезеңдерін еске алып, бүгінгі бейбіт заманға тәубе десті. 200 күн мен 200 түнге жалғасқан Сталинград ұрысында  өрімдей жас қыз ер-азаматтармен бірге жауға қарсы шайқасты.
 
Тоқсанның төріне шыққан қария әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мектеп оқушыларымен жиі жүздеседі.
 
Оқушыларға майдан даласынан естеліктер айтып, патриоттық рухта тәрбиелеуге тырысады. Қазір сол қызыл жалынды Сталинград шабуылынан аман қалған ардагерлердің қатары күн санап сиреп барады. Сондықтан, мұндай кездесулердің маңызы зор дейді, - ақсақалдар.
 
Софья Румянцева, соғыс ардагері:
Мыңдаған абзал жігіттеріміздің жанкештілігі арқасында бүгінгі  бейбіт заманда өмір сүріп өркендеп отырмыз. Өйткені, қаһарман ұлдар мен қыздар қасықтай қаны қалғанша жаумен арпалысты, соғысты, бірақ тізе бүкпеді ешқашан. Керісінше, келешек ұрпақтың ақ таңы үшін ақтық демі қалғанша көкірегін оққа тосты. Сондықтан жастар елмізді аман сақтасын, талмай қызмет істесін, біз көрген соғысты бүгінгі ұрпақ көрмесін.
 
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу