Зағип жігіт аула сыпырып отбасын асырайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зағип жігіт аула сыпырып отбасын асырайды

26.11.2021

Көз жанарын шел басып, зағип болып қалған шымкенттік жігіт аула сыпырып отбасын асырап жүр. Шиттей төрт баласы бар жанұя отағасының 85 мың теңге еңбекақысына жан бағуға мәжбүр. Он жылдан бері талай босағаны паналаған олар қазір жатақхананың аядай бір бөлмесінде тұрып жатыр.

Нұртілеудің он бір жылдан бергі тірлігі осы. Таңғы сағат 5-тен бастап көше сыпыруға шығады. Содан түс ауғанша бел жазбай төңіректі тазартады. Ең қиыны - таң қараңғысы. Бір көзін ақ басып, мүлдем көрмей қалған. Екінші көздің де нұры тайып барады. Түртінектеп жүріп қайбір жылы машина да қағып кеткен.

Нұртілеу Жаналиев, аула сыпырушы:
 Бір көзбен ақырындап жүремін. Қасымда адамдар бар. Бірге істейтіндер көмектеседі. Ақша, тамақ, дәрі керек. Бала-шаға үшін жүремін.

Көпбалалы отбасы біраз жылдан бері жатақхананың 10 шаршы метр болатын бір бөлмесінде өмір сүріп келеді. Асхана да, жуынатын жер мен жатын жер де осы. Іші сыз, қабырғалары көгеріп кеткен.

Асылханым қазір бесінші перзентіне аяғы ауыр. Екі үлкені мектепке барады. Отағасымен қосылып жұмыс істейін десе сырқат екі баласына қарайтын адам жоқ. Тұңғышы мен тағы бір баласы эпилепсия дертіне шалдыққан. Талмасы ұстап, ес-түзсіз құлап қала береді.

Асылханым Тұрғанбаева, жұбайы:
Тамақ бәрі қымбат. Содан артылмайды. Бала-шағаға киім алуға, керек десеңіз шұлық алуға жетпейді.

Тағдыр тауқыметін тартқан отбасыға ара-тұра қайырымды жандар мен ерікті жастар азын аулақ азық-түлік жеткізіп беріп тұрады. Бірақ отағасының бар арманы - баспаналы болу.

Нұртілеу Жаналиев, аула сыпырушы:
Үйім болса деймін. Басқа маған ешнәрсе керек емес.

Қайырымды жандар бастама көтеріп, Жаналиевтер отбасына пәтер сатып әперу үшін қаржы жинауға кірісіп кетті. Бір тәуліктің өзінде оның есепшотына 2 миллионға жуық қаржы түскен.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу