Алматыда бір тәулікте 100-ден аса маман ревакцинациядан өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда бір тәулікте 100-ден аса маман ревакцинациядан өтті

23.11.2021

Алматыда бір тәулікте 100-ден астам маман коронавирусқа қарсы ревакцинациядан өтті. Қалада екпенің үшінші дозасын алу қарқынды жүріп жатыр. Ол үшін емханаларда инактивтендірілген QazVac және Vero Cell вакциналары қолжетімді. Мегаполистегі ревакцинация барысын әріптесім Жазира Оразқызы көріп қайтты.

Алматыдағы №5 емхананың дәрігері Үміт Асылова ақпан айында екпенің екінші компонентін алған. Тура 9 айдан соң ревакцинацияға келіп отыр. Таңдауы отандық QazVac-қа түсті. Әріптестері ең алдымен денсаулығын жіті тексерді.
Үміт Асылова, №5 емхана дәрігері:
Тексерістен толық өткеннен кейін  QazVac салдырдым.  Өзімді жақсы сезіп тұрмын.
Бүгін ревакцинациядан өткендердің бірі - ұстаздар. Селимам Тоқтақын бастауыш сыныптарға сабақ береді. Емхананың шақыртуымен келіп, коронавирусқа қарсы екпенің үшінші дозасын салдырды. Айтуынша, вакцинаның екі компонентін алғанда да ауырсыну сезбеген.
Селимам Тоқтақын, мұғалім:
 Ешқандай айырмашылығын көріп тұрған жоқпын. Тура сол бірінші салғандай сезініп тұрмын. Мен екпе алғаннан кейін ешқандай тұмаумен, коронавируспен ауырған жоқпын.
Емхана қызметкерлері Селимам Тоқтақын сынды педагогтармен қатар құқық қорғау органдары, әлеуметтік мекемелер мен жедел жәрдем қызметкерлерін кезекпен ревакцинациядан өткізеді. Ол үшін бір ғана дозаны алу жеткілікті.
Гүлзат Байзахова, № 5 емхана бас дәрігерінің орынбасары:
Дәрігердің бақылауында 30 минут отырады. Үш күн біз оны бақылаймыз. Күнделікті хабарласамыз. Одан кейін үш күн суға түсуге болмайды, қолды сулауға болмайды, ауыр нәрсе көтермейміз, алкоголь ішуге болмайды. Осының бәрін түсіндіреміз.
Алматыда жаппай вакцинациялау қарқынды жүріп жатыр. Бір тәулікте коронавирусқа қарсы екпенің екі компонентін 3500-ге жуық адам алған. Сондай-ақ қала емханаларында жүкті келіншектерге, бала емізетін аналар мен 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге Pfizer вакцинасы да салынып жатыр.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу