Елімізде құрылатын екі бірдей ұлттық паркке қызметкерлерді қабылдау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде құрылатын екі бірдей ұлттық паркке қызметкерлерді қабылдау басталды

22.11.2021

Елімізде құрылатын екі бірдей ұлттық паркке қызметкерлерді қабылдау басталды. «Жасыл Қазақстан» жобасы бойынша Жамбыл облысында «Меркі», ал Қарағанды облысында Ұлытау ұлттық саябағын құру бойынша қаулы әзірленіп жатыр. Ұлытау табиғи ұлттық паркінің штаттық құрылымы бекітіліп, 77 адам жұмысқа қабылданған. 2025 жылға дейін «Жасыл Қазақстан» жобасы арқылы 60 мың адам тұрақты жұмысқа тартылады деген жоспар бар.

Сирек кездесетін жануарларды қорғау шаралары «Жасыл Қазақстан» жобасында жалғаспақ. Табиғат жанашыры Айтуар Тұрғымбеков тұмса табиғаттағы түз тағыларын сақтау мәселесі күрделі болып тұрғаны айтады. Өйткені «қаймағы бұзылмаған» табиғи аумақтардың 80 пайызы аң шаруашылықтарының қолында. Түз жануарларын көбейту мен тұқымын сақтау соларға жүктелген. Алайда кәсіпкерлер сирек кездесетін аңдардың популяциясын қалыпқа келтіруге қауқарсыз. Сондықтан бұл іспен мемлекетік деңгейде айналысу маңызды.

Айтуар Тұрғымбеков, «Табиғат» қоғамдық ұйымының вице-президенті:

«Жасыл Қазақстан» жобасында тұран жолбарысын жерсіндіру мәселесі де айтылған. Бізде тұқымы құрып кетудің алдында тұрған жануарлар жетерлік. Құрылатын ұлттық парктер барыс, ақбөкен секілді аңдардың өмір сүру аумағын кеңейте беруге мүкіндік береді.

Жоспар бойынша Меркі табиғи паркінің аумағы 115 мың гектарды құрайды. Ал Ұлытау саябағы 60 мың шаршы шақырымға жуық. Қазір құрылатын қос табиғи аумақтың қаулы жобасы дайындалып, тиісті мемлекеттік мекемелермен келісім жүріп жатыр.

Мәди Нұрпейісов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы:

Ерекше қорғалатын аумақ статусы беріледі. Одан кейін ол мекеме тікелей Орман шар жануарлар дүниесі комитетіне бағынышты болады. Ол жер ерекше қорғалатын табиғи аумақ заңдарына сәйкес, барлық әкімшілік құқық бұзушылық немесе қылмыстық құқық бұзушылық бар заң бұзушылықтар қолданылады.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың үлесі 10 пайызға жуықтайды. Ал экожүйенің қалыпты дамуы үшін табиғи парктерді кеңейту маңызды. Бұл межеге жету үшін құрылатын ұлттық парктерден бөлек орманды алқаптарға 2 млрд түп көшет отырғызу жоспары бар. Осылайша «Жасыл Қазақстан» жобасы арқылы 2025 жылға дейін елімізде орман қоры 173 мың гектар жерге дейін ұлғаймақ. Бұл жойылып бара жатқан жабайы аңдарды сақтап қалуға сеп болады.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу