Қатонқарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандары қайта құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатонқарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандары қайта құрылады

17.06.2023

Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай мен Марқакөл, Абай облысындағы Мақаншы ауданы қайта құрылатын болды. Бұл туралы Президент Ұлттық құрылтайда мәлімдеді. Мәселені Үкімет пысықтағанын атап өтті. Мемлекет басшысы енді жаңадан құрылатын аудандардың есеп-қисабын жасауды тапсырды.

Қотанқарағай, Марақакөл, Мақаншы үшеуі аудан мәртебесінен айырылғанына 25 жылдан асты. Қазір Марқакөлдің өзінде 3-4 мың ғана тұрғын бар. Дегенмен аудан алыстаса да, ауылдан кіндігін үзбей отырғандардың бүгін үміті ақталды. Ал жергілікті халық Марақакөл өңірін дамытудың басым бағыттарын жақсы біледі.

Абзалбек Мұхамеджанов, Марқакөл ауылының тұрғыны:

Қазірдің өзінде «Қаршыға» одан кейін мына іргеміздегі «Маңқан» екі бірдей үлкен кеніш жұмыс істеп жатыр. Одан кейін көліміз бар. Туристер келеді. Туризмді дамытамыз деп жатыр. Туризмнің өзі де ақша ғой.

Нұрбақыт Арғынбекқызы бірнеше жыл бұрын тігін цехын ашқан. Алайда ауылда адам аз болғандықтан тапсырыс бірде бар, бірде жоқ. Енді кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.

Нұрбақыт Арғынбекқызы, қолөнер шебері:

Бұрын аудан болған екен, бұл жер. Халықтың көбі жақсы ғой. Себебі мына жұмысымыз жүреді. Тапсырыс көп болады деген сияқты.

Соңғы 10 жылда шағын 14 ауыл бір-біріне қосылды. Енді осы елдімекендер қайта еңсе тіктейді. Жазушы Әлібек Қаңтарбаевтың айтуынша, үш ауданды да қайтадан жаңғыртуға өз әлеуеті жетеді. Ең бастысы ішкі көш-қон тоқтаса басқа мәселе кезең-кезеңмен шешілмек.

Әлібек Қаңтарбаев, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы:

Аудан орталығы болғанан кейін ондағы ішкі миграция қалай дегенмен тоқтайды. Неге десең халыққа жағдай туғызылады ғой. Экономикалық мүмкіндіктерді қарастырамыз деп жатыр Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, былтыр Президент сайлауынан кейін ең алдымен ауылды дамытуға арналған жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы сол жарлық негізінде Үкіметке жаңадан құрылатын үш ауданға қатысты жұмысты биыл аяқтап, екі жылдың ішінде толық қалпына келтіруді тапсырды.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу