Обалы ауылының тұрғындары елдімекендегі мектепті сақтап қалу үшін игі бастаманы қолға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Обалы ауылының тұрғындары елдімекендегі мектепті сақтап қалу үшін игі бастаманы қолға алды

15.11.2021

Ақмола облысында соңғы 6 жылда 39 білім ошағы жабылған. Бесеуі биыл жұмысын тоқатты. Ал Обалы ауылының тұрғындары елдімекендегі мектепті сақтап қалу үшін игі бастаманы қолға алды. Олар ауылға көшіп келетін отбасыларды үймен қамтамасыз етпек. 

Обалы ауылының мектебінде биыл бала саны азайып қалды. Қазір даярлық тобын қосқанның өзінде 41 бала ғана білім алуда. 10-11 сынып оқушылары интернатқа ауысқан.

Оқушылар саны жыл сайын азая берсе, мектеп бастауыш болып, кейін мүлдем жабылып қалу қаупі бар. Сондықтан тұрғындар ауылға көшіп келетін көпбалалы отбасыларға жағдай жасауға әзір.

Ауылда бос тұрған үйлер бар. Келем деген жұртқа тұрғындар сол баспаналарды алып бермек. Кәсіпкерлер мал беруге де дайын. Елдімекеннің орналасқан жері де жақсы дейді тұрғындар.

Ауылда сапалы орталықтандырылған ауызсу бар. Көшелер жөнделген. Жарық та бар. Мектеп жанында шағын орталық жұмыс істейді.

Ермек Елберген, тілші: 
Обалыда ауыл шаруашылығы бағытындағы бірнеше қожалық бар. Егін де егеді, мал ұстайды. Сондықтан ересек адамдарға да жұмыс табылады. Қазірдің өзінде бос орындар бар.

Осылайша, тұрғындар ауылға келіп тұруға ниеттілерге бар жағдайды жасауға әзір. Жалпы, оқушылардың азаюына байланысты мектептердің жабылуы Ақмола облысында өткір тұрған мәселе. Соңғы 6 жылда 39 білім ошағы жұмысын тоқтатты. Оның 5-еуі биыл жабылды. Сондай-ақ, осы жылы 5 мектеп негізгі, ал 4 білім ошағы бастауыш болып қысқарды.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу