«Әйтек» су торабы апатты жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әйтек» су торабы апатты жағдайда тұр

06.11.2019

Қызылорда облысында «Әйтек» су торабы бүгінде апатты жағдайда тұр. Сырдария өзені бойында 2004 жылы 1,5 миллиард теңгеге салынған гидронысан ширек ғасырға жетпей сыр берді. Стратегиялық маңызы зор тоспа істен шықса, келер жылы мыңдаған гектар күріштік алқапқа су жетпей қалу қауіпі бар. Әйтектегі олқылық оңала ма? Қандай жұмыстар қолға алынуда?

Әділбек Серікұлы, тілші:

Гидронысанның дәл осы тұсын төменнен су шайып, мына алып темір жабындылар төмен сырғып, нәтижесінде бөгетке қауіп төнген. Қазіргі таңда апатты жағдайдағы «Әйтек» су торабын сақтап қалу үшін мамандар барлық шараларды қолға алуда.

Жалпы бұл су реттегіш тоспаның атқаратын рөлі өте зор. Жазғы маусымда осы гидронысан арқылы Әйтек, Соркөл, Елтай каналдарының деңгейі көтеріліп, 16 мың гектар күріштік алқап судан тапшылық көрмейтін. Одан бөлек, сел жүретін кезеңде дарияның асып-тасып кетпеуіне де мол септігін тигізетін. Ал қазір апатты күйге түскен су торабы уақытша жабылды. Сала мамандары болса көп ұзатпай күрделі жөндеу жүргізу қажет деп отыр.

Хамит Бейімбетов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары:

Қыркүйек айының аяғында су торабына арнайы комиссиямен жіті бақылау жүргізіліп, су шайған орын анықталды. Содан кейін апатты деп танылды. Бұл жағдайды министрлікке баяндадық. Жыл аяғына дейін жоба-сметалық құжатын әзірлеуді тапсырды. Жөндеу жұмыстарын сәуір айынан бастамасақ кеш қаламыз.

Қазіргі таңда гидронысанның су шайып кеткен бетон жабындыларының үстіне Қаратаудан қой тастары әкелініп, қолдан келгенше сыр берген жерлер бекітілуде. Бүгінде ұзындығы 170 метрге жететін аумаққа тас жайылып үлгерген. Оның үстіне дарияны ұзақ уақыт бөгеп қою қауіпті. Сондықтан техникалар күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеуде.

Орынбасар Төлебай, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының маманы:

Бұл қауіптің алдын алу уақытша. Енді үлкен жұмыстың бәрі келесі жылы басталатын шығар енді. Мынау үлкен соружениені ұстап қалу үшін. Бұл керек соружения. Бір-ақ апта уақыт қалды. Одан артық шыдай алмаймыз.

«Әйтек» су торабын сақтап қалу үшін жергілікті су мамандарының бұл қарекеті ұзаққа жетпейтіні анық. Мәселе республикалық деңгейде шешімін тауып, күрделі жөндеу жұмыстары дер кезінде жасалса игі.

 Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу