4 мыңнан астам журналист арнайы оқытудан өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

4 мыңнан астам журналист арнайы оқытудан өтті

10.11.2021

Отандық төрт мыңнан астам журналист әлеуметтік маңызы зор салаларды меңгеріп шықты. Салалық журналистика мамандарын дайындауға ден қойған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оннан астам жоғарғы оқу орындарымен келісімге келген. Онда медицина, этносаралық қатынастар, дін, IT-саласы, экология, аграрлық сектор, қаржы және экономика, құқықтану сынды салалар тереңінен оқытылды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларына машықтану бойынша тегін оқыту онлайн форматта өтті. Оған отандық БАҚ-та жұмыс істейтін журналистер шақыртылған. Курста еліміздің іргелі оқу орындарының жетекші ғалымдары дәріс оқыды. Дайындалған мамандар дезинформацияға қарсы күрес пен объективті ақпарат тарату ісін меңгереді. Әрі белгілі бір саладағы мәселені дөп басып, сауатты сараптама жасауға машықтанады.

Ақмарал Жамалатова, Қоғамдық медиа процестерді талдау және қолдау басқармасының бастығы:
Әрбір саланың ерекшеліктеріне байланысты бір лекцияны бірнеше мұғалім оқыды. Оқытушылар өз ісін жетік біледі. Дәріс оқуға тек оқытушы ғана емес, осы салада жұмыс атқаратын кісілер де таңдалған. Мысалы, медицина саласына қатысты дәрісті белгілі дәрігерлер оқыды.

Министрлік салалық ұйымдар мен кәсіподақтар арасында келісім жасаған. Енді бакалавриат студенттері үшін де екі жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды. Олар - «Журналистика: аналитика және тергеулер» мен «Экологиялық журналистика» саласы. Бұл оқу курсын аяқтаған мамандар экологиялық журналистиканың дамуы мен тұрғындарды қоршаған ортаның игілігіне жұмыс істеуге шақыруы тиіс.

Аяулым Битай, журналист:   
Маған қатты ұнағаны - экономикалық журналистика бағыты. Себебі мұнда бүкіл әлемнің БАҚ-тағы нарықтың жағдайын, сәйкесінше, ондағы жаңа терминдер, барлығын осы салада зерттей аламыз.

Жауапты министрлік «Медиа дамыту қоры» базасында мультимедиялық білім беру-ақпараттық платформасын іске қосты. Енді кез келген журналист ыңғайлы уақытта қажетті оқу курсынан өте алады.

Сәбит Әлдебай 


Хабарламаларға жазылу