Оралда бие байлап, саумал өндірісін жолға қойған кәсіп иелері этнокешен ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда бие байлап, саумал өндірісін жолға қойған кәсіп иелері этнокешен ашты

10.11.2021

Оралда ұлттық ат спорты жақсы дамып келеді. Осыдан үш жыл бұрын қала шетінде бие байлап, саумал өндірісін жолға қойған кәсіп иелері кейін этнокешен ашты. Қазір жастың да,  жасамыстың да сүйікті орнына айналған орталық ұлттық ойындарды халыққа дәріптеп келеді.  

Үш жыл бұрын шағын киіз үйден басталған тұрақ қазір әдемі этнокешенге айналды. Иелері төл кәсіпті құр табыс көзі демей, ұл-қызға тегін сабақ өткізді.

Ардақ Мұратқызы,  тілші: 
Мұнда қаланың балалары атқа мініп қана қоймай, садақ тартып, жамбы атады. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу секілді ұлттық ойындарды үйренеді. Сөйтіп ұлттық құндылықты бойына сіңіріп, салт-дәстүрді меңгереді. 

Асфальтта өскен балалар, әуелі, ат әбзелінің құрылымымен танысты. Кейін апта бойы үйренгенін ойға тоқып, сынақ тапсырды.

Мұхамбетжан Махамбет, оқушы: 
Осы үйірмеге келіп, атты ерттеуді және атпен шабуды, салт-дәстүрлерді үйрендім. Қатты ұнады, тағы да қатысқым келеді.

Атты ерттеп болған соң, балаларға ұлттық ойындардың машықтары үйретіледі. Көкпар, теңге ілуді меңгерудің қыр-сыры көп.

Сабақты «Орал» спорт клубының білікті бапкерлері жүргізеді. Ізбасарларын да осы жерден іріктеп алады.

Мағжан Жеңісов, «Орал» спорт клубының бапкері: 
Таза ауада осы спорт түріне үйретіп жатырмыз. Балалардың қызығушылығы өте жақсы. 80-нен астам бала қатысты, соның 50-ін ұлттық спорт мектебіне қабылдап жатырмыз.

Ұлдардың көзі жанып тұр. Әсіресе аударыспаққа шығуға таласып әлек.

Ақмоншақ Жұмаева,   этнокешен әкімшісі: 
Біздің мақсатымыз - ұлттық спортты меңгеруді іспен көрсету, сол арқылы жас ұрпаққа жеткізу.

Балалар шыныққанда ата-анасы саумал ішіп тынығады. Көбі қаланың бір шетінен екіншісіне дейін күнде 30-40 шақырым жол жүріп келеді.

Әйгерім Айтуарова, тұрғын: 
Осында балам қатысып жатқанына қуаныштымын. Эмоциясы тек тасып тұр. Тағы да қатысамын,  барамын деп отыр.

Жүзі бал-бұл жанған балалар тек тыста емес, ішке кіріп те сабақ оқиды. Шежіре, әдет-ғұрып жайлы құнды білімді миға тоқиды.

 Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу