Қымыз өндірісімен шұғылданушылар көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қымыз өндірісімен шұғылданушылар көбейіп келеді

01.04.2014
Қымыз өндірісімен шұғылданушылар көбейіп келеді
Қымыз - шөліңді қандырып қана қоймай дертке шипа болатын сусын. Қымыздың осындай керемет қасиетіне бүгінде өзге ұлт өкілдері де қанық. Солтүстік Қазақстан облысындағы Березовка ауылында тұратын татарлар отбасы бие байлап, қымыз дайындауды дәстүрге айналдырған. Олардың бұл бастамасына ауыл қариялары тәнті болып отыр.
 
Өмір бойы қалада тұрған Альбина ауыл өміріне бірден үйрене алмапты. Бие түгіл сиыр сауып көрмеген оған алғашқыда бәрі таңсық көрінген. Бірақ, ауылдағы әжелердің үйретуімен бие байлап, қымыз әзірлеуді толық меңгеріп алған.
 
Альбина Сафиева, Березовка ауылының тұрғыны:   
Алғашқыда жылқыға жақындауға қорқатынмын. Бірақ,  үйреніп кеттім. Бәрі қызық болды, ашытқыны қаладан әкелдік, әжейлер көрсетті қалай, қашан сауу керек екенін. Бір жылдың ішінде үйреніп алдым, қазір жастарды өзім үйретемін.
 
Тагир да қалада туып өскен. Осыдан 2-3 жыл бұрын   Березовка ауылына көшіп келіпті. Табиғаты әсем, шөбі шүйгін ауылда тұрғандықтан мал өсіруді жөн санаған. Төрт түліктің басқасына емес, қасиетті жылқы малына аңсары ауыпты.  
 
Тагир Әбубәкіров, Березовка ауылының тұрғыны:  
Бала күнімнен жылқыны жақсы көремін. Әрі ауылда тұрғасын жайылым жеткілікті, техника бар жем-шөп әзірлейтін. Сондықтан осы іске бірден кірістім, болашақта жылқы санын көбейтсем деймін.
 
Бүгінде Тагир мен Альбина 2 бие ғана байлайды. Егер болашақта сусынды сатуға мүмкіндік болса жылқы санын арттыруды көздеп отыр. Бағзы заманда татар халқы да қымыз ішіп, оны өзінің төл сусыны санаған. Бірақ, отырықшылық өмірге көшкеннен кейін одан қол үзіп кеткен.
 
Сондықтан да ауылдастары бұл отбасының бастамасы түбі бір түркі халқы үшін ортақ салт-дәстүрді жаңғыртып, шипалы сусын өндірісін жандандыруға серпін беретін іс деп санайды.
 
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу