Қалада ат ұстайтын қазақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қалада ат ұстайтын қазақ

02.10.2018

Қалада ат ұстайтын қазақ. Оралда жас кәсіпкер бие байлап, саумал сатып, төл кәсіпті табыс көзіне айналдырып отыр. Қала іргесінен жер алып, киіз үй тіккен. Келушілерге жылқы сүтін сол бойда ұсынады. Мүгедек балаларға иппотерапиялық қызмет те көрсетіледі.

Йен даланың төсінде емін-еркін жүретін жануарды қалада ұстау оңай емес. Алайда, Ақылбек тәуекелге бел буып, бие байлап, сүтін ем ретінде ұсынып отыр.

Ақылбек Ишанов, кәсіпкер:

- Қазір сауып отырғаным 5 бие. Жылқы басына 1,5 литр береді. Күніне 6 рет сауамыз. Таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін.

Балдай сусын - дертке дәру, жанға шипа. Қала шетінде арнайы тігілген алты қанат киіз үйге алыстан ат сабылтып келушілер көп. Саумалға асық. Мұндай қызмет Оралда алғаш рет ашылып отыр.

Мұхамбетияр Ғабдушев, қала тұрғыны:

- Былтыр Алматыға барып ішкенбіз. Биыл енді осында бар деп естіп келіп, ішіп отырмыз. Одан бұрын келін балам ішкен еді. Саумал деген жақсы-ақ қой. Жыл сайын келіп 10 күн ішеміз.

Мариям Ғабдуллина, ауыл тұрғыны:

- Сырымнан келіп отырмын. Жымпитылықпын. Мұнда немерелерімді оқытуға келіп едім. Осыны естіп, мен де асқазаным ауыратын болған соң, келіп ішіп жатырмын. Жақсы, күшті.

Саумал – биенің жаңа сауылған сүті. Құрамында 40-тан астам дәрумен бар. Ғалымдар оның мың бір дертке дауа екенін айтады. Әсіресе, асқазан, бауыр, туберкулез, онкологиялық ауруларға пайдасы зор. Саумалды күніне 2 рет жарты литрден ішкен дұрыс.

Мұнда атпен салт жүру де насихатталады. Әсіресе, тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларды емдеуге ден қойылған. Былайғы келушілер де атпен серуендейді. Өз ісін енді бастаған азамат мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржы алды. Мақсаты - қыста да бие байлап, кенжелеп қалған кәсіпті кеңейткісі келеді. Оған сұраныс та жоғары.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу